Ақтөбе қаласының қарқынды дамып жатқан «Алтын Орда» шағын ауданында жаңа өнер ордасының іргетасы қаланды. 700 көрерменге шақталған заманауи облыстық драма театры Мемлекет басшысының өңірге сапары кезінде берген тапсырмасы аясында салынып жатыр, деп хабарлайды «Тілші».
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыс қызу.
«Бүгінгі күні нысанның астыңғы бетон қабаты төселіп, іргетасын қалау жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес, құрылыс алдағы 2 жылда толық аяқталып, ел игілігіне беріледі», — деп хабарлады басқарма өкілдері.
Жаңа ғимарат қандай болады?
Жоба авторларының айтуынша, жаңа театр ең соңғы үлгідегі техникалық шешімдермен қамтамасыз етіледі:
- Екі зал: Үлкен және кіші сахналар;
- Сахна механикасы: Күрделі қойылымдар үшін айналмалы сахна (бұрылыс шеңбері) қарастырылған;
- Әртістерге жайлылық: Гримерлер мен костюмерлерге арналған кең бөлмелер болады;
- Аумағы: Театр жанынан үлкен саябақ салу жоспарланған, бұл тұрғындардың мәдени демалысын мазмұнды етуге септігін тигізбек.
Тарихи қажеттілік
Жаңа театр салу – уақыт талабы. Себебі, 81 жылдық тарихы бар ескі театр ғимараты (Т.Ахтанов атындағы театр) 2020 жылы күрделі жөндеуден өткенімен, бүгінде екі бірдей труппаға (қазақ және орыс) тарлық етіп отыр. Ақтөбелік көрерменнің театрға деген ықыласы жоғары, сондықтан жаңа ғимарат өнер ұжымдарының шығармашылық мүмкіндігін кеңейтеді.
«Алтын Орда» – жаңа орталық
Театр ғимараты «Алтын Орда» әлеуметтік-іскерлік орталығының бір бөлігіне айналады. Болашақта бұл аумақта театрдан бөлек, 35 мың орындық стадион және 5000 орындық спорт кешені бой көтереді. Бұл шағын аудан қаланың жаңа мәдени және спорттық хабына айналуы тиіс.
