Ақтөбеде әлемнің 20 елінен келген инвесторлардың қатысуымен «AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025» халықаралық форумы өтті. Жиын қорытындысы бойынша жалпы құны 427 миллиард теңге болатын 17 маңызды келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Isker Tilshi.
Ауқымды шараға шетелдік дипломаттар, 7 мемлекеттің елшісі, ірі трансұлттық компаниялар мен отандық бизнес өкілдері жиналды. Форумға қатысушылар қатарында 40-тан астам шетелдік компания болса, соның 25-і – Қытай Халық Республикасынан келген делегация.
Облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып, кез келген бастамаға қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.
«Біз ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа қашанда ашықпыз. Ақтөбе облысы – аумағы кең, табиғи байлығы мол және географиялық орналасуы өте қолайлы аймақ. Қазір өңірде 19 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Инвесторларға қағазбастылықсыз, артық кедергісіз жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған», — деді өңір басшысы.
Нақты қандай жобалар іске асады?
Форум нәтижесінде бекітілген меморандумдар аясында өңірде бірнеше ірі өндіріс орны ашылады деп жоспарланып отыр:
Сусындар өндірісі: Түркиялық Coca-Cola Almaty Bottlers компаниясы Ақтөбеде сусын шығаратын жаңа зауыт салады.
Энергетика:
- Қытайлық SUNGROW компаниясы Хромтау ауданында қуаты 100 МВт болатын жел электр станциясын тұрғызады.
- Түркиялық MUREL компаниясы Ақтөбе қаласында 180 МВт газбен жұмыс істейтін электр станциясының құрылысын қолға алады.
Газ өңдеу: Канадалық Condor Energies сұйытылған табиғи газ (СТГ) зауытын салу жобасын жүзеге асырмақ.
Металлургия: Қытайлық «Союз Металлсервис» металл бұйымдарын шығаратын зауыт ашады.
Ауыл шаруашылығы: Швейцариялық Harvest Agro Holding компаниясы агроөнеркәсіптік кластер құруды көздеп отыр.
Сонымен қатар, «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) мен Қытайдың Үрімші қаласындағы «Ганьцюаньбао» экономикалық аймағы өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді.
Шетелдік инвесторлар әсіресе жоғары технологиялық орталықтар, өнеркәсіптік хабтар және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларына баса назар аударды.
