Ақтөбе өңірінде «Сыбаға – 2025» ұлттық дәстүрлер фестивалі басталды. Ауқымды шара білім ошақтарындағы шеберлік сағаттарынан бастау алып, «Өнер орталығы» алдындағы думанды кешке ұласты, деп хабарлайды «Тілші».
Фестивальдің алғашқы күні «Тағылым» атауымен білім беру ұйымдарында өтті. 4 желтоқсан күні мектеп оқушылары ұлттық құндылықтарды ұлықтап, танымдық сабақтарға қатысты.

Оқушылар қолөнер үйренді
Қаладағы №51 гимназияда «Салт пен сана» көрмесі жұртшылық назарына ұсынылды. Мұнда 3–10 сынып оқушылары қазақ мәдениетінің бай мұрасымен жақындап танысты.
Мектеп холында зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер мен көне тұрмыстық заттар тізіліп тұрды. Ең қызығы – балалар жәдігерлерді жай ғана тамашалап қойған жоқ, өздері де іске кірісті. Арнайы шығармашылық алаңдарда оқушылар:
- Киіз басу;
- Ағаш ою;
- Былғары (тері) өңдеу;
- Әшекей бұйымдар жасау техникасын меңгерді.
Домбыра үні күмбірлеген ортада жасөспірімдер шешендік өнерден сайысқа түсіп, интерактивті аймақта ұмыт бола бастаған көне қазақ ойындарын ойнады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жас ұрпаққа өз тамырын терең сезінуге мүмкіндік береді.
Сән мен сахна
Фестиваль тек мектеп қабырғасымен шектелмеді. «Өнер орталығының» алдындағы алаңда «Алтыбақан» мәдени ойын-сауық бағдарламасы көпшіліктің көңілін көтерді. Сахналық көріністер мен дәстүрлі әуендер мерекеге ерекше сән берді.
Сондай-ақ, Ақтөбе төрінде ұлттық сән фестивалі өтті. Онда отандық және шетелдік дизайнерлер өздерінің жаңа топтамаларын көрсетті.
Этнофестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалінің аймақта екінші жыл қатарынан өткізіліп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, 4–6 желтоқсан күндерін қамтитын фестивальдің әр күні ұлттық рухани құндылықтарды дәріптейтін бағдарламаларға құрылған.
Еске салайық, фестивальдің бірінші күні – «Тағылым»; екінші күні – «Дәстүрлер жаңғырығы»; Үшінші күні – «Салбурын» атауымен белгіленген. Тағы бір маңызды шара — 4–6 желтоқсан күндері ауыл-аймақтарда соғымның дәстүрлі сыбағасы таратылып, үлкен-кішіге құрмет көрсетілуінде.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында «Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасынжақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет» — деп атап өткен болатын. Салт-дәстүр – адамзат үшін ілгерілеудің сарқылмас қайнар көзі. Ғылыми-техникалық прогресс қанша дамығанымен, қолда бар жетістіктердің іргетасын қалаған құндылықтардан бас тартуға болмайтындығын өскелең ұрпаққа жеткізу басты міндет», — деді өңір басшысы.