Home Әлеумет Қазақстанда онлайн-казиноларды қаржыландырған ірі қылмыстық топ құрықталды
Әлеумет

Қазақстанда онлайн-казиноларды қаржыландырған ірі қылмыстық топ құрықталды

Фото: Freepik.com

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) заңсыз ойын бизнесіне қарсы ауқымды арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде, онлайн-казиноларға ақша аударатын трансшекаралық қылмыстық схеманың жолы кесілді. Заңсыз айналым көлемі 600 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды «Тілші».

Тергеу мәліметі бойынша, қылмыстық топ қаражатты төлем ұйымдары арқылы өткізіп, оны заңды операция ретінде көрсетуге тырысқан. Шын мәнінде, ақша онлайн-казинолардың есебіне түсіп отырған.

Қылмыстық схема қалай жұмыс істеді?

Алаяқтар букмекерлік кеңселермен жасалған жалған келісімшарттарды пайдаланған. Олар осы құжаттар негізінде тіркелген «сұр» POS-терминалдар мен Terminal ID-ді іске қосқан.

«Бұл заңсыз әрекетке 20-дан астам төлем ұйымы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің кейбір лауазымды тұлғалары қатысқан», — деп хабарлайды агенттік.

Халықаралық ауқым және Call-орталық

Арнайы операция барысында төрт бірдей онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсетіп, қаржылық кеңес берген Call-орталықтың жұмысы тоқтатылды. Онда 120 адам жұмыс істеген. Қызметкерлер арасында Қазақстаннан бөлек, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтары бар.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар криптовалюта арқылы төлем қабылдайтын серіктестік бағдарламасын құрған. Оның айналымының өзі 200 млн USDT-тен (шамамен 100 млрд теңге) асып жығылады.

Тінту және қамауға алу

ҚМА қызметкерлері 70-тен астам тінту жүргізіп, заттай дәлелдемелерді тәркіледі.

«Сот санкциясымен 9 адам қамауға алынды. Олардың арасында «Төлем ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басшысының кеңесшісі де бар. Қазіргі таңда тағы 8 адамды (ішінде шетел азаматтары бар) халықаралық іздеуге жариялау үшін материалдар дайындалып жатыр», — делінген хабарламада.

Қатаң ескерту

Агенттік өкілдері Қазақстанда онлайн-казино қызметіне толық тыйым салынғанын ескертеді. Мұндай платформалар салық төлемейді, жастарды құмар ойынға тартып, лудомания дертін асқындырады.

Заңсыз ойындарға көмек көрсетуге бағытталған кез келген әрекет қылмыстық қызметке жәрдемдесу деп бағаланады және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version