Ақтөбе облысының екі қаласында – Қандыағаш пен Хромтауда әкім сайлауы бір күнде өтеді. Аумақтық сайлау комиссиялары саяси науқанды 2026 жылдың 11 қаңтарына белгіледі, деп хабарлайды «Тілші».
Қазіргі таңда үміткерлерді ұсыну процесі басталды. Мұғалжар аудандық комиссиясының хабарлауынша, Қандыағаш қаласының әкімі болғысы келетіндер 16 желтоқсан сағат 18:00-ге дейін құжат тапсыра алады. Ал кандидаттарды тіркеу мерзімі 21 желтоқсанда аяқталады.
Еске сала кетейік, қос қаланың да бұрынғы басшылары заң алдында жауапқа тартылды.
- Қандыағаш: Қаланың экс-әкімі әйел адамға қол көтеріп, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот оған айыппұл салды. Апелляциялық алқа шешімімен айыппұл көлемі 295 360 теңгеге дейін азайғанымен, жәбірленушіге төлейтін шығын мөлшері 300 000 теңгеге өсті.
- Хромтау: Қала әкімі Сағындық Шабықбаев қараша айында пара алды деген күдікпен ұсталды. Сот кабинетіндегі дерекке сүйенсек, Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі бойынша жедел тергеу аяқталып, іс сотқа түсті.
