Home Aqtobe Day Ақтөбе-Алматы рейсі: Жолаушының қазасына байланысты ұшақ шұғыл кері қонды
Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбе-Алматы рейсі: Жолаушының қазасына байланысты ұшақ шұғыл кері қонды

Фото: kz.kursiv.media

Бүгін Ақтөбеден Алматыға бағыт алған SCAT әуе компаниясының ұшағы әуежайға шұғыл қайтып оралды. Борттағы жолаушылардың бірінің жағдайы күрт нашарлап, өкінішке қарай, ол көз жұмды, деп хабарлайды «Тілші».

Оқиға DV712 рейсінде болған. Әуе тасымалдаушысының баспасөз қызметі жағдайдың мән-жайын түсіндірді.

Ұшу кезінде әйел адам өзін кенет нашар сезінген. Экипаж дереу хаттамаға сәйкес әрекет етіп, салоннан медициналық білімі бар адамдардан көмек сұраған.

«Жолаушылар арасынан кардиолог-дәрігер табылып, бортсеріктермен бірлесе отырып, алғашқы көмек көрсетті және реанимациялық шараларды жасады», — дейді компания өкілдері.

Жолаушының өміріне қауіп төнгендіктен, әуе кемесінің командирі Ақтөбе әуежайына кері қайту туралы шешім қабылдады. Ұшақ қонған бойда науқасты күтіп тұрған жедел жәрдем бригадасына тапсырды.

Дәрігерлер реанимациялық әрекеттерді жалғастырғанымен, жолаушының өмірін сақтап қала алмады. Медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын растады.

SCAT әуе компаниясы экипаж бен дәрігерлердің жолаушыны аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын атап өтті.

«Жолаушының туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз», — делінген хабарламада.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version