Дүкен сөресіндегі баға мен кассадағы баға сәйкес келмесе, кімдікі дұрыс? Сапасыз пластикалық терезе орнатқан компания ақшаны қайтарғысы келмесе ше? Тұтынушылардың жиі кездесетін мәселелеріне Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің маманы Ақбота Жұмамұрат жауап берді, деп хабарлайды «Тілші».
Маманның айтуынша, даудың көбі азаматтардың заңды білмеуінен немесе қарапайым қателіктерден туындайды. Ең басты қателік – чек, келісімшарт немесе кепілдік талонын сақтамау. Дәл осы қағаздар – сіздің басты дәлеліңіз.
«Азаматтар көбіне ауызша шағымданады. Ал заң тек жазбаша талапты ғана есепке алады. Эмоцияға берілмей, нақты фактілермен жазбаша жүгіну керек», – дейді Ақбота Жұмамұрат.
«Тауар қайтарылмайды» – бос сөз
Көптеген сауда орындарында ілулі тұратын бұл тақтайшаның заңды күші жоқ. Егер сатушы тауардың кемшілігін алдын ала ескертпесе, заң бойынша сіз мынаны талап етуге құқылысыз:
- Бағасын төмендетуді;
- Кемшілікті тегін жөндеп беруді;
- Тауарды ауыстыруды;
- Ақшаны толық қайтарып алуды.
— Мұны нақты мысал да дәлелдейді. Тұтынушы биыл мамыр айында тұрғын банк арқылы бөліп төлеумен 722 мың теңгеге пластикалық терезе орнату қызметін рәсімдеген. Орындаушы сапалы материал уәде еткенімен, орнату барысында арзан әрі стандартқа сай емес материал қолданғаны анықталған. Тәуелсіз сараптама монтаж жұмыстарының да талапқа сай орындалмағанын растаған. Тұтынушының толық қайтарым немесе қайта орнату туралы талабына орындаушы келіспеген. Сонымен қатар фискалды чек те берілмеген. Департамент көмегімен тұтынушыға наразылық парағы рәсімделіп, нәтижесінде 722 мың теңге толық қайтарылды, — деді Ақбота Жұмамұрат.
Баға мәселесі: Сөредегі ме, кассадағы ма?
Супермаркеттердегі жиі дау – бағаның сәйкес келмеуі. Есіңізде болсын: заңды баға – сөреде тұрған баға. Сатушы тауарды дәл сол бағамен сатуға міндетті.
Егер кәсіпкер бұған келіспесе немесе тауарда баға мүлдем болмаса, оларға айыппұл салынады. Айыппұл көлемі кәсіпкерлік санатына қарай 200 АЕК-ке (786 400 теңге) дейін жетуі мүмкін.
Қоғамдық тамақтану орындарында да тұтынушының құқығы жиі бұзылады. Департамент қараған істердің бірінде дәмхана қызметкерлерінің дөрекілігі, шағым кітабын бермеуі, ақпарат ұсынбауы анықталған. Нәтижесінде дәмханаға түсіндірме жұмысы жүргізіліп, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 190-бабы 5-бөлігінің 1) және 3) тармақтарына сәйкес Департамент тарапынан әкімшілік шаралар қолданылған.
Қай тауарды қайтара алмайсыз?
14 күн ішінде сапалы, бірақ өлшемі не түсі ұнамаған тауарды қайтаруға болады. Бірақ мына заттар (егер олар сапалы болса) қайтарылмайды:
- Дәрі-дәрмек;
- Іш киімдер мен шұлықтар;
- Метрлеп сатылатын маталар;
- Жануарлар мен өсімдіктер;
- Ұялы телефондар (абоненттік құрылғылар).
Ескерту: Егер бұл заттардың өзі сапасыз (брак) болып шықса, оларды міндетті түрде ауыстырып немесе қайтарып береді.
Қайда шағымданамыз?
Қазір үйден шықпай-ақ «eOtinish» жүйесі немесе Telegram-бот арқылы шағым түсіруге болады. Мемлекеттік орган өтінішті 15 күн ішінде қарайды.
