Америкалық әйгілі Papa John’s пиццериялар желісі Қазақстан нарығындағы жұмысын тоқтатты. Компанияның жабылуына ұзаққа созылған қаржылық қиындықтар себеп болды, деп хабарлайды Isker Tilshi.
Бұл туралы ресторатор Данияр Монолбаев Facebook парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадамға бару оңай болмаған.
«Біздің компания Қырғызстан мен Қазақстандағы Papa John’s мастер-франчайзиі ретіндегі қызметін аяқтады. Бұл – кірістің ұзақ уақыт бойы азаюына, шығынның өсуіне және қарыз міндеттемелерінің жиналып қалуына байланысты қабылданған ауыр, бірақ мәжбүрлі шешім», — деді кәсіпкер.
Монолбаев қолда бар қаражатты ең алдымен қызметкерлердің жалақысын, салықтарды, жалға алу ақысын төлеуге және қарыздың бір бөлігін жабуға жұмсағанын жеткізді.
Қазіргі таңда Алматы қаласындағы желінің көптеген филиалдары есігін жапқан. Сонымен қатар, компанияның ресми сайтында көрсетілген байланыс нөмірлері де сөндірулі тұр.
