Home Саясат «Көптен күткен бейбітшілік орнауы мүмкін»: Тоқаев Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді
Саясат

«Көптен күткен бейбітшілік орнауы мүмкін»: Тоқаев Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадта өткен халықаралық форумда маңызды саяси мәлімдеме жасады. Президент Қазақстанның Украинадағы қақтығысты реттеуге бағытталған келіссөздер процесінің жандануын толық қолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды «Тілші».

Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы ірі державаларды саяси ерік-жігер танытып, ауқымды диалогқа көшуге шақырды.

Анкоридж кездесуі және үміт

Президент өз сөзінде әлемдік саясаттағы соңғы оқиғаларға, атап айтқанда Ресей мен АҚШ басшыларының кездесуіне назар аударды.

«Әділетті әрі тұрақты әлемдік тәртіп жаһандық қақтығыс пен ядролық соғыс туралы әңгімелер тыйылғанда ғана шындыққа айналады. Милитаристік риториканың орнын бейбітшілік, сенім және ынтымақтастық сөздері басуы тиіс. Осы ретте Қазақстан украин жанжалы бойынша келіссөздердің жандануын құптайды. Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуінен кейін бейбітшілік пактісінің негізгі ережелері қызу талқыланып жатыр. Бұл – көптен күткен бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндігі туғанын көрсетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түрікменстанның бастамасы

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Түрікменстанның Бейбітшілік және сенім жылына арналған бастамаларына қолдау білдірді. Тоқаев Түрікменстан басшысының БҰҰ Бейбітшілік және бейтараптық университетін құру туралы ұсынысын оң бағалады.

Сапардың мән-жайы

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 11 желтоқсан күні Ашхабадқа арнайы сапармен барды. Оны әуежайдан Түрікменстан Халық Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердымұхамедов қарсы алды.

Президент форумға қатысып, түрікмен халқын және ел басшылығын Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version