Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбе әуежайы алғаш рет 1 000 000-шы жолаушыны күтіп алды

Бүгін Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай тарихында бұрын-соңды болмаған рекорд тіркелді. Әуежай ұжымы бір жыл ішіндегі миллионыншы жолаушыны салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды «Тілші».

Бұл құрметті статус ақтөбелік жас спортшы Сезім Сұлтановаға бұйырды. Қуаныш иесі Астана қаласынан джиу-джитсу жарысынан қола жүлде алып, жеңіспен оралған екен.

Жолаушы үшін бұл нағыз тосынсый болды.

«Астанадан келе жатырмын. Шынымды айтсам, мұндайды күтпедім. Өте қуаныштымын», — деп ағынан жарылды спортшы.

Ақтөбе әуежайы мен демеушілер кішкентай чемпионды құр қол қайтармады. Оған су жаңа iPhone 17 телефонын сыйға тартты. Ал Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы «Ақтөбе – Астана – Ақтөбе» бағытына тегін билет табыс етті.

Статистикаға сүйенсек, биылғы 11 айда әуежай қызметін 1 миллионға жуық адам пайдаланған. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр жыл бойы 985 мың жолаушы тасымалданған еді.

Қазіргі таңда әуежай аптасына 78 рейс қабылдайды. Оның ішінде халықаралық бағыттардың үлесі зор:

  • Шарм-эль-Шейх: аптасына 4 рет;
  • Стамбул: аптасына 2 рет;
  • Фукуок (Вьетнам): аптасына 1 рет.

Әуежай басшылығы мұнымен тоқтап қалмақ емес. 2025 жылдың 31 желтоқсанынан бастап «SCAT» әуе компаниясы «Ақтөбе – Доха (Катар) – Ақтөбе» бағыты бойынша жаңа маусымдық рейсті іске қосады.

Бұл көрсеткіштер өңірдегі әуе тасымалына сұраныстың артқанын және қызмет сапасының жақсарғанын дәлелдейді.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Талапқа сай емес 42 тонна тауық еті Қытайға кері қайтарылды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *