Aqtobe Day Әлеумет

Пара алған Хромтау әкімі сот залынан босатылды

Фото: Instagram/sagyndyk_shabikbaev

Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны бас бостандығынан айырған жоқ, бірақ қомақты айыппұл арқалатып, мемлекеттік қызметтен біржола қуды, деп хабарлайды «Тілші» ҚазАқпаратқа сілтеп.

Хромтау аудандық сотында өткен процесте шенеунікпен бірге делдал болған Нұрбек Қазбек те жауапқа тартылды. Тергеу деректеріне сүйенсек, оқиға қазан айында болған. Нұрбек Қазбек қаланы абаттандыру жұмыстарын жүргізген мердігерден әкімге 400 мың теңге, ал өзіне 1 миллион 100 мың теңге пара беруді талап еткен. Ол ақшаны уақытында бермесе, күш қолданатынын айтып қорқытқан. Дегенмен сот барысында жәбірленуші оны кешіргендіктен, істің «қорқытып алу» бөлігі қысқартылды. Сотталушылар қылмысын толық мойындап, экс-әкім жасаған ісіне өкінетінін айтып, жазаны айыппұлмен өтеуді сұрады.

Сот шешімімен Сағындық Шабықбаев мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Оған параның 30 еселенген сомасы көлемінде айыппұл төлеу жазасы кесілді. Тергеу изоляторында отырған күндерін есептегенде, экс-әкім енді мемлекет қазынасына 11 миллион 355 мың 151 теңге төлеуге міндеттелді. Ал сыбайлас болған Нұрбек Қазбек те мемлекеттік секторда қызмет ету құқығынан айырылып, оған 11 миллион 339 мың 424 теңге айыппұл салынды.

Үкім оқылған соң екі азамат та сот залынан босатылды. Еске сала кетейік, Сағындық Шабықбаев қараша айында ұсталып, үкім шыққанға дейін қамауда болған еді.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  «Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай ала ма?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *