Ақтөбе қаласында білім саласындағы ірі жобаның жаңа кезеңі басталды. Heriot-Watt халықаралық университетінің жаңа оқу-зертханалық корпусының құрылыс алаңында салтанатты тақта ашылды, деп хабарлайды «Тілші».
Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестіктің нақты нәтижесі. Халықаралық кампус өз жұмысын 2023 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында бастаған еді.
Қазіргі таңда құрылысшылар негізгі оқу ғимаратын тұрғызып жатыр. Жобаның ауқымы кең:
- Жалпы аумағы: 4,25 гектар жер учаскесі;
- Ғимарат ауданы: 5000 шаршы метрден асады;
- Құрылымы: 3 қабат және жертөле;
- Сыйымдылығы: 1000 студентке арналған.
Жаңа корпуста заманауи аудиториялардан бөлек, мәжіліс залы мен асхана жұмыс істейтін болады. Құрылыс барысында халықаралық стандарттар мен озық технологиялар қолданылып жатыр.
Кампуста қазірдің өзінде 518 студент білім алып жатыр. Олардың географиясы алуан түрлі: Қазақстанның барлық өңірлерінен бөлек, Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан және Пәкістан жастары бар.
Білім беру процесінің ерекшеліктері:
- Бағдарламалар Ұлыбританияның беделді инженерлік және IT институттарының (IET, Energy Institute, BCS) талаптарына сай жасалған.
- Дәрісті Шотландия, Дубай және Малайзия кампустарынан келген білікті мамандар оқиды.
- «GoGlobal» бағдарламасы арқылы студенттер бір семестрді Дубай, Малайзия немесе Эдинбургте оқуға мүмкіндік алады.
Бұл оқу орнының басты артықшылығы – түлектер қолдарына екі бірдей диплом (қазақстандық және британдық) алады. Кампустың алғашқы қарлығаштары оқуын 2027 жылы аяқтайды деп күтілуде.
