Aqtobe Day Әлеумет

Асхат Шахаров апатты мектептер мен сапасыз құрылыс үшін шенеуніктерді сынға алды

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында мектеп құрылысының баяулығы мен сапасыздығы әкімнің ашуын туғызды. Асхат Шахаров жауапты тұлғаларға қатаң ескерту жасап, олқылықтарды жоюды талап етті, деп хабарлайды «Тілші» облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиында білім саласындағы қордаланған мәселелер ашық айтылды. Қазіргі таңда облыста екі апатты және екі үш ауысымды мектеп бар.

Облыс әкімі әсіресе Байғанин, Мұғалжар және Шалқар аудандарындағы құрылыс қарқынының сылбырлығын сынға алды.

«Құрылыс-монтаж жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Бұл үшін аудан әкімдіктері мен салалық басқармалар тікелей жауапты», – деді Асхат Шахаров.

Статистикаға сүйенсек, өңірде 1970 жылға дейін салынған 88 ескі мектеп бар. Тағы 96 мектеп ыңғайластырылған ғимараттарда отыр. Бұл мәселені шешу үшін 2027 жылға дейін 24 мектепті реновациялау жоспарланған.

Жиында Шалқар ауданындағы №5 мектеп-гимназиясының шулы оқиғасы да сөз болды. Мектепке жапсарлас салынған қосымша ғимараттың сапасыздығына күйінген ата-аналар Мемлекет басшысына дейін шағымдануға мәжбүр болған.

Асхат Шахаров бұл жағдайды құрылыс және бақылау саласындағы жүйесіздіктің нақты дәлелі деп атады. Сонымен қатар, облыстағы 34 мектепте пәндік кабинеттердің жоқтығы да назардан тыс қалмады.

Сыннан бөлек, жаңа бастамалар да талқыланды. Әкім білім беру жүйесін цифрландыруды тапсырды.

«Цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп, облыстың кемінде 20 пилоттық мектебіне жасанды интеллект платформаларын енгізу керек. Бұл жүйе оқушының білім деңгейін талдап, оған бейімделген тапсырмалар береді. Нәтижесінде оқу үлгерімі жақсаруы тиіс», – деп тапсырды өңір басшысы.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Ақтөбеде төрт баланың анасын полиция аман алып қалды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *