Ақтөбе халықаралық әуежайында жолаушыларды шығарып салуға келген 53 жастағы қала тұрғыны тәртіп сақшыларының көзіне түсті. Ол мас күйінде боғауыз сөз айтып, полицияға қарсылық көрсеткені үшін қомақты айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды «Тілші» Диапазон басылымына сілтеп.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, ер адам ішімдікке сылқия тойып алған. Ол қоғамдық орында өзін ұстай алмай, айналасындағы адамдарға дөрекілік танытып, былапыт сөздермен балағаттаған. Бұл әрекет жолаушылар мен қызметкерлердің ашуын туғызды.
Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжикенов жағдайдың қалай ушыққанын түсіндірді.
«Тәртіп сақшылары әкімшілік хаттама толтыру үшін оны полиция бөлмесіне алып жүрмек болды. Алайда ер адам заңды талапқа бағынбай, қарсылық көрсетіп, жағдайды одан сайын қиындатты», – деді полиция өкілі.
Нәтижесінде бұзақыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірден үш бабы бойынша іс қозғалды. Атап айтқанда, ол қоғамдық орындарға мас күйінде келгені, ұсақ бұзақылық жасағаны және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін жауапқа тартылды. Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен ер адамға 50 АЕК, яғни 196 600 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Көлік полицейлері әуежайдың қауіптілігі жоғары стратегиялық нысан екенін еске салады. Мұнда кез келген агрессия, былапыт сөз және полицияға бағынбау әрекеті қатаң жазаланады.
