Aqtobe Day Әлеумет

Ақтөбе ауасының ластану деңгейі дабыл қағарлық жағдайда

Фото: caclimate.fund

Орталық Азияның климаттың өзгеруі жөніндегі жобалық кеңсесі Ақтөбедегі экологиялық ахуалға қатысты алаңдатарлық мәлімет жариялады. Соңғы 10 жылдың ішінде қала ауасы тек екі жыл ғана салыстырмалы түрде таза болған, деп хабарлайды «Тілші».

Статистика көңіл көншітпейді. Соңғы жылдары Ақтөбе түтін мен жағымсыз иістің құрсауында қалды деуге толық негіз бар.

Нақты деректер сөйлесін

Арнайы мамандардың зерттеуіне сүйенсек, 2016, 2018-2019 және 2021 жылдары ластану деңгейі «жоғары» деген баға алды. Ал жағдай 2020 жылы және 2022-2024 жылдар аралығында тіпті ушығып, «өте жоғары» деңгейге дейін жеткен. Бұл – ең қауіпті көрсеткіш. Тек соңғы екі жылдың өзінде қала ауасындағы зиянды заттардың нормадан асу дерегі 4,9 мың рет тіркелді.

Қаланы кім улап жатыр?

Ақтөбе – өнеркәсіпті қала. Мұнда Қазақстандағы ферроқорытпаның 22 пайызын өндіретін «Қазхром» зауыты және еліміздегі жалғыз Хром қосылыстары зауыты жұмыс істейді. Алайда сарапшылар ауа сапасын бұзатын негізгі себепкерлерді атап көрсетті. Ең үлкен салмақ Кәріз тазарту ғимараттарына, ескі ет комбинатаның алқабындағы спирт өндірісінің қалдықтарына, яғни бардаға және «Ақтөбе Таза Қала» полигоны мен ескі қоқыс полигонына түседі.

Тұрғындар немен тыныстап жүр?

Қала ауасын бақылайтын 6 бекеттің мәліметі бойынша, ақтөбеліктер көбіне күкіртсутегі, азот диоксиді және көміртек оксидімен тыныстауға мәжбүр. 2023 жылы бақылау бекеттері зиянды заттардың шектен асқан 2616 жағдайын, ал 2024 жылы 2342 жағдайын тіркеді. Бұл мәселелер 2026 жылы Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитте Орталық Азия елдерінің басты тақырыптарының бірі ретінде талқыланады.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Интернет арқылы зат сатып алу кезінде нені ескеру керек?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *