Home Aqtobe Day «Ақтөбе» футбол клубы ресми түрде саудаға шығарылды
Aqtobe Day Спорт

«Ақтөбе» футбол клубы ресми түрде саудаға шығарылды

Фото: Ақтөбе ФК

Ақтөбелік жанкүйерлер тағатсыздана күткен жаңалық. Елдің бес дүркін чемпионы – «Ақтөбе» футбол клубы бүгін ресми түрде саудаға түсті. Мамандар клубты 364,3 миллион теңгеге бағалады, деп хабарлайды «Тілші».

Бүгін облыстық мәслихат депутаттары көпшілік тыңдау өткізіп, аймақтың бас командасын жекешелендіру мәселесін талқылады, деп жазады ҚазАқпарат. Қаржы басқармасының басшысы Ерік Тұрсынғалиевтің айтуынша, аукциондағы алғашқы баға нақ осы сомадан басталады. Хабарлама 15 күн бойы ашық тұрады және оған кез келген ниетті адам қатыса алады.

Сатып алушының иелігінде не болады?

Көпшілікті «Клубтың мүлкіне не кіреді?» деген сұрақ мазалайды. Шенеуніктердің сөзінше, клубтың меншігінде ірі жылжымайтын мүлік жоқ. Есепке тек екі автобус пен кеңсе техникасы алынған. Алайда бағалау кезінде ең басты актив – «Ақтөбе» бренді, оның бес дүркін чемпиондық атағы, бапкерлер штабы және ойыншылармен жасалған келісімшарттар ескерілді. Сауда-саттық электронды түрде E-Qazyna платформасында өтеді. Жеңімпаз анықталған жағдайда, жаңа қожайын басшылық құрамы мен ойыншыларды өзі таңдайды.

Бюджет қаржысы қысқарады

Жеке қолға өткен күннің өзінде әкімдік клубты қаржыландыруды тоқтатпайды, бірақ көлемін айтарлықтай азайтады. Облыстық спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтың дерегінше, 2025 жылы футболға 3,5 миллиард теңге жұмсалса, 2026 жылға 1,9 миллиард теңге жоспарланған. Яғни, мемлекет 1,5 миллиард теңге үнемдейді. Бұл қаржы енді балалар спортына бағытталады. Мысалы, келер жылы футбол академиясына бөлінетін қаржы 400 миллион теңгеге дейін өседі.

Стадион кімдікі?

Маңызды жайт – Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион сатылымға шығарылған жоқ. Ол мемлекет меншігінде қалады. Жаңа инвестор стадионды тек жалға алу арқылы пайдаланады. Әкімдік инвесторға қатаң талаптар қойып отыр: клубтың профилін өзгертпеу, ресми жарыстарға қатысу, инфрақұрылым шығындарын өтеу. Еске сала кетейік, бұған дейін облыс әкімі Асхат Шахаров клубтың ықтимал инвесторы ретінде «Qazaq Stroy» компаниясының басшысы Нұрлан Артықбаевты атаған еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version