Қазақстан үкіметі келесі жылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін ауқымды қаражат бөлмек. 2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері бірден 10 пайызға артады, деп хабарлайды «Тілші».
Бұл туралы Үкімет кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп жазады Tengrinews.kz.
Қазынадан қанша ақша бөлінеді?
Вице-премьердің айтуынша, әлеуметтік төлемдерді индексациялау – мемлекеттік қолдаудың маңызды бөлігі. Салыстырмалы түрде алсақ, 2025 жылы өсім 8,5% болған еді.
«2026 жылдың бюджетінде зейнетақы мен жәрдемақыны ұлғайту үшін ғана біз 636 миллиард теңге қарастырдық. Бұл қаражат халықтың табысын арттыруға бағытталады», — деді Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар, министр Үкіметтің Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, экономикалық тұрақтылықты сақтау және шағын бизнесті қолдау бағдарламасын әзірлегенін атап өтті.
Қазіргі зейнетақы қанша?
Еске сала кетейік, қараша айында елдегі зейнетақының өзекті мөлшері жарияланған болатын. 2025 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша:
- Орташа жиынтық зейнетақы: 142 744 теңге;
- Оның ішінде ынтымақты зейнетақы: 95 167 теңге;
- Базалық зейнетақы: 47 577 теңге.
