Home Aqtobe Day Асхат Шахаров Жаңа жыл қарсаңында бағаны негізсіз өсіргендерді жазалауды тапсырды
Aqtobe Day Әлеумет

Асхат Шахаров Жаңа жыл қарсаңында бағаны негізсіз өсіргендерді жазалауды тапсырды

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасын қатаң бақылауға алуды бұйырды. Өңір басшысы мереке алдында саудагерлердің бағаны негізсіз көтеруіне жол бермеуді талап етті, деп хабарлайды «Тілші» облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Облыс әкімдігінде өткен жиында мерекелік қарбалас кезіндегі баға саясаты сөз болды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазір жағдай тұрақты. Мәселен, 9–17 желтоқсан аралығында сәбіз бен пияздың құны төмендеген. Тіпті тоқсан қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардан тұратын себеттің бағасы 12 теңгеге арзандапты.

Ет қоры және заң бұзушылар

Басқарма басшысы Досжан Әлібековтің айтуынша, сиыр етін қамдау ісінде олқылықтар бар. Жоспарланған 343 тонна еттің әзірге 146 тоннасы ғана қоймаға түскен. Жауаптылар қалған бөлігін толықтыру үшін шаруалармен келіссөз жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар, сауда орындарын тексеру жұмыстары тоқтамайды. Жыл басынан бері мониторингтік топтар 300-ден астам заң бұзушылықты тіркеп, бағаны негізсіз өсірген 139 нысан иесін жауапқа тартты.

«Халық қиналып қалмауы керек»

Асхат Шахаров «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына, сауда желілері мен «Табыс» коммуналдық базарына бақылауды күшейтуді жүктеді.

«Жаңа жыл — отбасылық мереке. Әр отбасы дастарқан жайып, дайындалатыны түсінікті. Адамдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына негізсіз жоғары бағамен бетпе-бет келмеуі тиіс. Бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сауда үстемелерін қатаң бақылау, негізсіз қымбаттаудың алдын алу және тауарлардың сауда желілеріне үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету қажет», – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы бағаның тұрақтылығы үшін енді қала және аудан әкімдері жеке басымен жауап беретінін ескертті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version