Түркия билігі сейсенбі күні Анкара әуежайынан ұшып шыққан ұшақпен байланыс үзілгенін хабарлады. Ұшақ бортында Ливия қарулы күштерінің жетекшісі және тағы төрт жолаушы болған, деп жазады Азаттық.
Кейін ұшақтың бөлшектері табылғаны хабарланды.
Falcon ұшағымен байланыс Анкарадан 74 шақырым жердегі Хаймана елді мекені аумағында үзілді деп хабарлады Түркия қорғаныс министрі Әли Ерлікай X желісінде. Оның сөзінше, бизнес-джет Анкараның Есенбұға әуежайынан Триполиге қарай жергілікті уақыт бойынша сағат 20:10-да ұшып шыққан, 40 минуттан кейін ұшақпен байланыс үзілген.
Жолаушылар арасында Ливия генералы Мұхаммед Әли әл-Хаддад та болған. Кейін Ливия үкіметі Ливия әскері бас штабы жетекшісінің қазасы туралы хабар алғанын хабарлады. Генералдың жанында өзге де әскери шенеуніктер болған.
Бірнеше түрік ақпарат құралы жариялаған видеода аспанда жарқыл пайда болғаны көрінеді. Ұшақ белгі берген аумақ маңында жарылыс болған.
Түркия БҰҰ қолдайтын Ливия үкіметімен тығыз байланыс орнатқан. Анкара оған экономикалық және әскери қолдау көрсетеді деп жазды France-Presse.
