Қазақстанда жыл басынан бері 6 100-ден астам адам телефон алаяқтарының арбауына түсті. Бас прокуратура 1414 қысқа нөмірі арқылы жасалатын қауіпті схеманың қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп, халықты сақ болуға шақырды, деп хабарлайды «Тілші».
Қадағалау органының дерегінше, алаяқтардың қулығы шектен шыққан. Олар мемлекеттік қызметтерге арналған ресми нөмірді өз мақсатына пайдаланады.
Схема қалай жұмыс істейді?
Қылмыскерлердің әрекеті екі кезеңнен тұрады:
- Бірінші қадам: Алаяқтар алдымен сізге 1414 нөмірінен SMS-код жібереді. Артынша өзін мемлекеттік орган, банк немесе курьер қызметкерімін деп таныстырып, жаңа ғана келген кодты айтуды сұрайды.
- Екінші қадам: Бұдан кейін іске банк, полиция немесе ҰҚК-нің «қауіпсіздік қызметі» араласады. Олар алдыңғы қоңыраудың алаяқтардан болғанын айтып, сізді қорқытады. Ақырында жәбірленушіні несие рәсімдеуге және ақшаны жалған «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді.
Кейбір жағдайда алаяқтар сенімге кіру үшін бейнеқоңырау арқылы да байланысқа шығады.
Қорғаныс күшейді
Цифрлық даму министрлігі бұл мәселеге тосқауыл қою үшін жаңа талап енгізді. Енді 1414 хабарламасы арқылы жүйеге кіру үшін міндетті түрде биометрия (Face ID), Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе eGov QR қажет. Желтоқсан айынан бастап осы қауіпсіздік талабын орындамаған сервистер 1414 жүйесінен ажыратылды.
Бас прокуратура ескертеді!
Алаяқтарға алданбас үшін мына қағидаларды жаттап алыңыз:
- Мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ешқашан бір реттік SMS-кодты, карта нөмірін және құпия сөзді сұрамайды.
- Ақша аударатын «қауіпсіз шот» деген ұғым мүлдем жоқ.
- Күдікті қоңырау түссе, тұтқаны қойып, банкке немесе мекемеге ресми нөмірі арқылы өзіңіз хабарласыңыз.
- Жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз.
