Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі базасында еліміздегі тұңғыш өндірістік кластер жұмысын бастады. Бұл жоба жастарды балабақшадан бастап өндіріске дейін сүйемелдейді, деп хабарлайды «Тілші» Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Бұл жүйе Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңа модельді қалыптастырды. Оқу процесі үздіксіз жүреді, яғни балабақшадан басталып, мектеп пен колледжде жалғасады да, түпкі нәтижесі өндіріс орнында аяқталады. Осының арқасында бітіруші түлектер тау-кен саласының жетекші кәсіпорындарына кедергісіз, жүз пайыздық кепілдікпен жұмысқа орналасады.
Балабақшадан басталған кәсіп
Кластердің бірегейлігі – кәсіптік бағдар берудің өте ерте жастан басталуында жатыр. Балалар ойын форматында зертханашы рөлін сомдап, химия, электрмен жабдықтау және тау-кен ісінің негіздерін меңгереді. Мұндай ерте танысу баланың техникалық мамандыққа деген қызығушылығын оятады. Ал 9–11 сынып оқушылары үшін кластер тереңдетілген оқу мен шеберлік сабақтарын ұсынады. Мектеп бітіргенде олардың қолында кәсіби біліктілігін растайтын сертификат болады, яғни еңбек нарығына дайын маман ретінде қадам басады.

Елдегі ең үздік оқу орны
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Ізбасар бұл оқу орнын республикалық деңгейдегі көшбасшы деп атады. Жақында колледж ұлттық байқауда «Елдегі үздік оқу орны» атағын жеңіп алды. Іс-шараның ең маңызды сәті – колледжге «Talap» орталығының №01 сертификатының табысталуы болды. Бұл құжат Хромтау колледжінің жаңа форматтағы білім беру-өндірістік модельдің алғашқы үлгісі екенін ресми түрде растайды.
ERG және халықаралық байланыс
Түлектердің болашағы жарқын. Жас мамандар Дөң тау-кен байыту комбинаты мен ERG компаниялар тобына қарасты ірі зауыттарға жұмысқа тұрады. Кадр даярлау жұмыс берушінің нақты талабына сай жүретіндіктен, студенттер өндіріске тез бейімделеді. Сонымен қатар, оқу орны Магнитогорск техникалық университетімен және халықаралық орталықтармен әріптестік орнатқан. Бұл студенттерге әлемдік озық тәжірибені үйренуге жол ашады.