Home Экономика 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлерге маңызды хабарлама келеді
Экономика

1 қаңтардан бастап кәсіпкерлерге маңызды хабарлама келеді

Фото: freepik.com

Қаржы министрлігі ескерту жасады: жаңа жылдан бастап қазақстандық кәсіпкерлер салық органдарының жіті назарына ілігеді. 1 қаңтардан бастап фискалдық орган өкілдері бизнес өкілдеріне жаппай хабарлама таратады, деп хабарлайды «Тілші» Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов алдағы науқан туралы айтып берді. Басты мақсат – кәсіпкерлерге салық режимін таңдау қажеттігін еске салу.

1 наурызға дейінгі таңдау

Әңгіме екі миллионға жуық жеке кәсіпкердің тағдыры жайында болып отыр. Бизнесмендер бір шешімге келуі тиіс: олар жұмысын оңайлатылған декларация бойынша жалғастыра ма, әлде жалпыға бірдей белгіленген режимге көше ме? Бұл таңдауды жасап, тиісті ескертуді келесі жылдың 1 наурызына дейін тапсыру қажет. Мемлекеттік кірістер комитеті қатаң ескертеді: егер кәсіпкер бұл талапқа немқұрайлы қарап, өтініш бермесе, жүйе оны автоматты түрде жалпы салық режиміне ауыстырады. Ал бұл салық жүктемесінің артуына және есеп берудің қиындауына әкеп соғады.

Қоңырау шалып ескертеді

Шенеуніктер ұмытшақ азаматтарға бірден айыппұл салмайды, керісінше, оларға барынша көмек көрсетеді. Министрлік ауқымды фискалдық сүйемелдеу шарасын бастайды. Салықшылар түскен өтініштердің статистикасын күн сайын бақылайды. Шешім қабылдауды созғандарға екі ай бойы ескерту келеді. Ол үшін push-хабарламалар, телефон қоңыраулары және салық басқармасына жеке шақыртулар қолданылады. Вице-министр Ержан Біржановтың айтуынша, басты мақсат – адамның байқаусызда құжат тапсыруды ұмытып, жеңілдетілген режимнен айырылып қалуына жол бермеу.

Бәрі смартфон арқылы

Мемлекет өтініш беру процесін барынша жеңілдетті. Кәсіпкерлерге қағаз құшақтап, кезекте тұрудың қажеті жоқ. Таңдауды ІSNA жүйесіндегі салық төлеуші кабинеті арқылы жасауға болады. Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап бұл қызмет ірі банктердің мобильді қосымшаларында іске қосылады. Вице-министр әзірлеушілер сервисті сынақтан өткізгенін, өтініш бірнеше батырманы басу арқылы жіберілетін және салық қызметінің базасында автоматты түрде көрінетінін жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version