Tilshi Podcast-тың жаңа шығарылымында елімізге танымал продюсер Қанат Аман қонақта болды. Ол Астана мен Алматыдағы жайлы жұмысын тастап, неге Ақтөбеге оралғанын, жергілікті шенеуніктердің «Креативті индустрия» деген сөзді түсінбейтінін және әртістерге жасалатын қиянат туралы ашық айтты.
Продюсер әңгімесін өзінің кәсіби жолынан бастады. Көпшілік оны өнер адамы деп ойлағанымен, негізгі мамандығы мүлдем басқа. Ол мемлекеттік басқару және құқықтану саласын бітіріп, экономика ғылымдарының магистрі атанған. Алайда оның өмірі Астанадағы «Қазмедиа» орталығына аяқ басқан сәтте күрт өзгерді. Оны бұл салаға белгілі медиаменеджерлер Ләйлә Сұлтанқызы мен Жан Мұқанов шақырған. «Сәлем, Қазақстан!», «Әйел бақыты» сияқты рейтингі жоғары бағдарламалардың, сондай-ақ халықаралық Junior Eurovision жобасының Қазақстандағы алғашқы атқарушы продюсері болды.
Ақтөбеге оралу және алғашқы қадам
Бес жыл бұрын ол туған жеріне оралу туралы шешім қабылдады. Оның мақсаты – астаналық деңгейдегі сапаны жергілікті халыққа көрсету еді.
«Алматы, Астана қалаларында болып жатқан дүниелерден біздің халық тыс қалмасын, олар да көрсін, білсін, сезінсін деген ниетпен осы жобаны бастағым келді», – деп ағынан жарылды продюсер.
Оның Ақтөбедегі алғашқы режиссерлік жұмысы қала күніне арналған 70-80 мың адам жиналған үлкен концерт болды.
«Той-бизнес» пе, әлде өнер ме?
Сұхбат барысында Ақтөбедегі ойын-сауық саласының деңгейі қызу талқыланды. Продюсердің пікірінше, аймақта нағыз шоу-бизнес қалыптаспаған. Ол жергілікті жағдайды былай сипаттады:
«Ақтөбеде бізде шоу-бизнес те, той-бизнес те жоқ десем болады. Бір сарынды. Бізден шығып жатқан әншілер бар, бірақ егер сол шоу-бизнес болатын болса, осы өңірде дамытып, әрі қарай жұмыс істер еді».
Қанат Аманның айтуынша, тойға шығу мен үлкен сахнаға шығудың арасында жер мен көктей айырмашылық бар, бірақ жергілікті әншілер мұны жиі шатастырады.
Жанды дауыс және әкімшілік қысым
Продюсер сапа мәселесінде өте қатал. Ол ұйымдастырған концерттерде фонограммамен ән айтуға тыйым салынған. Тіпті Дастан Оразбеков, Қазбек Құрайыш, Әмре секілді жұлдыздардың өзі тек жанды дауыста өнер көрсетеді. Алайда бұл талап жергілікті билік пен кейбір орындаушыларға ұнай бермейді.
«Жанды дауыста айтылуы міндетті. Менен сондай талап болғаннан кейін кез келген әнші маған дайындалып келеді», – деп Қанат Аман өз ұстанымын жеткізді.
Ол жергілікті басқармалардан «біздің әншіні қос» деген өтініштер түсетінін, бірақ сапасыз өнімді сахнаға шығармайтынын кесіп айтты.
«Креативті индустрияның әліппесі жоқ»
Подкастта көтерілген ең өзекті мәселе – мемлекеттік қолдаудың жоқтығы. Продюсердің сөзінше, үкімет «Креативті индустрия» департаментін ашқанымен, оның нақты қалай жұмыс істейтінін ешкім білмейді.
«Үкіметтен министрлік тарапынан креативті индустрия деп бір департамент ашылды. Басқарма да шақырады, бірақ өздерінің конституциясы, баптары, тіпті әліппесі жоқ», – деп күйінді продюсер.
Ол шенеуніктердің бұл саланы түсінбейтінін, оған тек әншілерді ғана емес, суретшілерді, қолөнершілерді және IT мамандарын да қосу керектігін атап өтті.
