Медиа

Алматы соты журналист Олег Гусевке қатысты үкім шығарды

Фото: ulysmedia.kz

Алматы қаласы Алатау аудандық соты журналист Олег Гусевті қылмыстық іс бойынша айыпты деп тапты. Сот үкімімен оған үш жыл шартты жаза кесілді және үш жыл мерзімге журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Бір қызығы, соттың бұл шешіміне екі тараптың да көңілі толмады, деп хабарлайды «Тілші» ulysmedia.kz сайтына сілтеп.

29 желтоқсанда өткен сот отырысында судья Талғат Дәулетниязов журналисті Қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі, яғни «Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу» бойынша кінәлі деп таныды. Судья бастапқыда 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық заңын қолданды. Нәтижесінде сот жаза мерзімін қысқартты. Олег Гусев енді үш жыл бойы пробациялық бақылауда болады.

«Қауіпті прецедент»

Олег Гусев өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол сот залында бостандыққа шықса да, бұл істің қолдан ұйымдастырылғанын ашық айтты.

«Бұл іс тек Гусевке ғана емес, бүкіл журналистер қауымдастығына қатысты. Егер үкім күшіне енсе, ұстаулар бірінен соң бірі жалғасуы мүмкін. Өйткені кез келген мәтіннен «дұрыс емес» деп түсіндіруге болатын сөзді табу қиын емес. Мен судья қате шешім шығарды деп кесіп айтпаймын. Біз алдымен үкім мәтінін мұқият зерттеп, содан кейін ғана апелляциялық шағым түсіреміз», – деді журналист.

Оның адвокаты Джохар Өтебеков те бұл шешімді қауіпті деп бағалады. Қорғаушының айтуынша, сот Гусевті басқа журналистің материалына сілтеме жариялағаны үшін айыптаған.

«Журналист басқа әріптесінің материалы үшін жауап бермеуі тиіс, әсіресе егер ол өз тарапынан түсініктеме бермесе немесе оны қолдамаса. Гусевтің жазбаларында жезөкшелік туралы бірде-бір сөз жоқ. Бүгінгі үкімді бүкіл журналистік орта үшін қауіпті және жағымсыз прецедент деп бағалауға толық негіз бар», – деді Джохар Өтебеков.

Жәбірленушінің жан айқайы

Ал жәбірленуші, белсенді Елена Сәдуақасова керісінше, сот үкімін тым жеңіл деп санайды. Оның пікірінше, жеке деректердің жариялануы оның өмірін талқандаған.

«Менің жеке деректерім жарияланып, бүкіл Қазақстанға масқара болдым. Ант етемін, мен қандай да бір «есепте» тұрғанымды білмедім де. Бұл мен үшін шок болды. Прокуратура да, полиция да түсінікті жауап бермеді. Менің өмірім қирады: отбасым бар, балам буллингке ұшырады. Ал Гусев жеңіл құтылып кетті», – деп наразылығын білдірді Сәдуақасова.

«Сөз бостандығына қатысы жоқ»

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  SJMED жобасы: шешім журналистикасы Қазақстанда медициналық тақырыптарды қамту тәсілін өзгертеді

Жәбірленушінің адвокаты Мұрат Адам бұл істі сөз бостандығымен байланыстыруға болмайтынын алға тартты. Ол апелляциялық шағым беру туралы шешімді үкіммен толық танысқан соң қабылдайтынын жеткізді.

«Гусев кәсіби қызметі үшін емес, жеке деректерді заңсыз таратқаны үшін жауапқа тартылды. Бұл – жалған ақпарат тарату емес, жеке құпияны жариялау ісі. Бұл фактіні сот толық дәлелдеді. Сондықтан бұл процесті сөз бостандығымен немесе цензурамен байланыстыру дұрыс емес. Мұнда мүлдем басқа құқықтық нормалар қолданылады», – деп түсіндірді заңгер.

Еске сала кетейік, 2023 жылы Олег Гусев Алматыдағы «Кенжехан» базарының жаңа қожайындары мен жалға алушылар арасындағы дау туралы мақала жариялаған болатын. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, журналист қарсы тараптың іскерлік беделіне нұқсан келтіру мақсатында оның соттылығы бар екенін қасақана көрсеткен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *