Ақтөбе облыстық соты 12 адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты іске нүкте қойды. Алайда сот процесі кезінде тергеушілердің өрескел қателігі әшкере болды. Судья өз ісіне салғырт қараған полицейлерді сынға алып, арнайы қаулы шығарды, деп хабарлайды «Тілші» ҚазАқпаратқа сілтеп.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты істі қарады.
Судья А.Сабыров қылмыстық істі өндірістен тоқтату туралы шешім қабылдады. Себебі айыпталушы орындығында отыруы тиіс жүк көлігінің жүргізушісі И.Халелов те сол апаттан көз жұмған. Заң бойынша, айыпталушы қайтыс болған жағдайда іс сотқа жетпей, тергеу сатысында-ақ жабылуы тиіс. Судья Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабына сүйене отырып, марқұмға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты. Сот қаулысымен апатқа ұшыраған екі көлік те иелеріне қайтарылды.
Сот отырысында полиция қызметкері Тәжікеннің қызметтік міндетіне немқұрайлы қарағаны белгілі болды. Қылмыстық қудалау органы күдіктінің өмірден өткенін біле тұра, істі қысқартпаған. Керісінше, айыптау актісін жасақтап, қағаздарды сотқа жолдаған. Судья мұны заң талаптарын өрескел бұзу деп бағалады. Осыған байланысты Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығына жеке қаулы шығарылды. Енді полиция басшылығы қарамағындағы қызметкерлердің заңды білуін қатаң қадағалауы міндетті.
Еске сала кетейік, бүкіл елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиға қазан айында болған еді. Әйтеке би ауданы, Белқопа ауылының маңында жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын «ГАЗель» бетпе-бет соқтығысты. Апат салдарынан оқиға орнында бірден 12 адам қаза тапты.

