Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Италияда өтетін қысқы Олимпиадаға дайындық құнын жариялады. Мемлекет 2026 жылғы басты додаға 13,3 миллиард теңге жұмсаған, деп хабарлайды «Тілші» informburo.kz сайтына сілтеп.
Министрдің айтуынша, алдағы ойындарда ел намысын 35 спортшы қорғайды. Ұлттық құрама спорттың 10 түрінен бақ сынап, 58 медаль жиынтығына таласады.
Ақша қайдан алынды?
Бөлінген 13,3 миллиард теңге төрт жылдық дайындық циклін қамтиды. Бұл қаражат оқу-жаттығу жиындарына, халықаралық жарыстарға, экипировкаға, дәрумендерге және спортшыларды оңалтуға жұмсалады. Қаржыландырудың басым бөлігін, яғни 6,2 миллиард теңгені жергілікті бюджеттер көтерсе, республикалық қазынадан 5,3 миллиард теңге бөлінді. Туризмді қолдау қоры 1,2 миллиард теңге берсе, федерациялар өз қалтасынан 585 миллион теңге шығарды.
Шетелден 13 бапкер келді
Қазақстан құрамасының дайындығын күшейту үшін министрлік шетелден білікті мамандарды шақырды. Қазіргі таңда Германия, Нидерланд, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен келген 13 үздік жаттықтырушы-кеңесші спортшылармен жұмыс істеп жатыр. Қысқы спорт түрлері бойынша командалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізіп үлгерді.
Министр кімдерге сенеді?
Ербол Мырзабосынов 2018 жылдан бері үзіліп қалған жүлделі серияны қайта жандандыруды мақсат етіп отыр.
«Біз 2018 жылдан бері бұйырмаған медальді алу үшін барымызды салып жатырмыз. Барлық жағдайды жасадық. Болжам – тұрақсыз нәрсе, бірақ нақты үміт сыйлайтын спортшыларымыз бар. Мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина, фристайл-могулдан Анастасия Городко мен Юлия Галышева, сондай-ақ конькимен жүгіруден Михаил Кошкин тұрақты нәтиже көрсетіп жүр. Біз осы спортшыларға үміт артамыз», – деді ведомство басшысы.

