Әлеумет

«Бетті жабуға болмайды»: Тоқаев самокатшылар мен киім үлгісіне қатысты қатаң заңға қол қойды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық қауіпсіздік ережелерін түбегейлі өзгертетін құжатты бекітті. Президент «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңға қол қойып, электр самокат тізгіндегендер мен қоғамдық орында бетін тұмшалап жүретіндерге жаңа талаптар қойды, деп хабарлайды «Тілші» Ақордаға сілтеп.

Жаңа құжат жолдағы және қоғамдық орындардағы тәртіпті күшейтуді көздейді. Заң бірден бірнеше маңызды мәселені қамтиды.

Самокатшыларға арналған қатаң ереже

Жаңа заң электр самокаттарды ресми түрде көлік құралы деп таныды. Енді рульге отыратындар міндетті түрде сақтандыру полисін рәсімдейді. Шеринг компаниялары мен жеке иелері әр самокатқа арнайы тіркеу нөмірін орнатады. Мемлекет жас шектеуін де бекітті: бұл көлікті тек 18 жасқа толған азаматтар басқарады. Ең маңыздысы, жолдың жүру бөлігіне шығу үшін жүргізуші куәлігі талап етіледі. Куәлігі жоқтар тек саябақтар мен веложолдарда ғана жүре алады. Сонымен қатар, жалға беруші компаниялар самокаттың қайда тасталғанын қадағалауға және жылдамдықты өлшейтін құрылғы орнатуға міндеттелді. Талапты орындамаған кәсіпкерлер қомақты айыппұл төлейді.

Тұмшаланғандарға айыппұл салынады

Заң шығарушылар адамның жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киімдерге тыйым салды. Полиция мұндай киімдер қатарына балаклава, бетті толық жабатын маска және ниқаб жататынын түсіндірді. Ережені алғаш бұзғандарға тәртіп сақшылары ескерту жасайды, ал екінші рет қайталанса, заң бұзушы 10 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Дегенмен, заң хиджаб, шәлі сияқты бетті ашық қалдыратын діни киімдерге шектеу қоймайды. Сондай-ақ, аязды күндері шарф орануға, медициналық маска тағуға және жұмыс барысында респиратор киюге рұқсат берілді. Өнер адамдары мен аниматорлар да сахналық образдары үшін бетін жаба алады.

Полицияның көмекшілері күш қолданады

Тәртіп сақшыларына ерікті түрде көмектесетін азаматтардың құқығы кеңейді. Олар енді полиция қызметкерлерінің бақылауымен қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысады және қажет болған жағдайда құқық бұзушыны ұстау үшін күш қолдана алады. Алайда заң бұл жерде нақты шектеу қойды: көмекшілер әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және мүгедектігі бар жандарға күш көрсете алмайды (қарулы шабуыл жағдайларын қоспағанда). Әкімдіктер мұндай белсенділерді арнайы тізімге алып, оларды қаржылай ынталандыру мәселесін шешеді.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Маңғыстаудағы жұмыссыздық: жастардың үнсіз айқайы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *