Илон Масктің әйгілі компаниясы үшін 2025 жыл оңайға соқпады. Көшбасшылық тізгінін қолдан шығарып алған Tesla енді қытайлық бәсекелесіне жол берді. Сатылымның төмендеуіне басшылықтың саяси белсенділігі мен нарықтағы қатаң бәсеке себеп болды, деп хабарлайды Isker Tilshi Sky news-ке сілтеп.
АҚШ компаниясы былтыр небәрі 1,64 миллион көлік жеткізгенін мәлімдеді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға төмен. Ал нарықтың жаңа қожайыны – қытайлық BYD концерні. Аспан асты елінің өкілдері өткен жылы 2,26 миллион темір тұлпар саудалап, әлемдегі ең ірі электромобиль өндірушісі атанды.
Салық жеңілдігінің жойылуы
Tesla-ның соңғы тоқсандағы көрсеткіштері де көңіл көншітпейді. Компания қазан мен желтоқсан аралығында 418 мың көлік сатқан, ал сарапшылар кем дегенде 440 мың дана өтеді деп күткен еді. Мамандардың пікірінше, бұған Трамп әкімшілігінің қыркүйек айының соңында 7 500 долларлық салықтық несиені алып тастауы тікелей әсер етті. Жеңілдіктің жойылуы тұтынушылардың қалтасына салмақ салған.
Масктің жаңа айласы
Жағдайды түзеу үшін Илон Маск қазан айында арзан модельдерді таныстырды. Қазір жаңартылған Model Y көлігін 40 мың доллардан сәл төмен бағаға, ал Model 3 үлгісін 37 мың долларға сатып алуға болады. Бұл қадам компанияға Еуропа мен Азия нарығындағы қытайлық арзан көліктермен бәсекелесуге мүмкіндік береді. Инвесторлар Маск болашақта роботакcи қызметін дамытып, үй шаруасына көмектесетін гуманоид роботтарды сатылымға шығарады деп үміттеніп отыр.
Болжам және миллиардтар
Қиындықтарға қарамастан, Tesla акциялары 2025 жылды 11 пайыздық өсіммен аяқтады. Қазір бір акцияның құны шамамен 450 доллар көлемінде саудаланып жатыр. Сарапшылар компанияның табысы 2026 жылы қайта қалпына келеді деп болжайды. Ал әлемнің ең бай адамы Илон Масктің өзі қаржылық жеңістерге жетіп жатыр. Жақында Делавэр соты оның бұрынғы 550 миллиард долларлық сыйақы пакетін заңды деп таныды. Егер компания алдағы 10 жылда көзделген мақсаттарға жетсе, Маск тағы 1 триллион доллар сыйақы алуы мүмкін.

