Әлем Саясат

«Мемлекеттік терроризм» және «Бостандық»: Мадуроның ұсталуына әлем қалай қарады?

Көрнекі фото: ЖИ көмегімен жасалды

АҚШ президенті Дональд Трамптың Николас Мадуроны ұстау жөніндегі арнайы операциясы әлемді екіге жарды. Кейбір мемлекеттер Вашингтонның әрекетін «басқыншылық» деп айыптаса, енді біреулері мұны «демократияның жеңісі» деп бағалады, деп хабарлайды «Тілші».

«Америка Құрама Штаттары Венесуэлаға және оның басшысы, президент Николас Мадуроға қарсы ауқымды соққыны сәтті жүзеге асырды. Ол жұбайымен бірге тұтқындалып, елден шығарылды. Бұл операция АҚШ-тың құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілді. Толық ақпарат қосымша хабарланады. Бүгін сағат 11:00-де Мар-а-Лагода баспасөз мәслихаты өтеді», – деп жазды Трамп сенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осыдан кейін халықаралық сарапшылар мен мемлекет басшылары соңғы сағаттарда шұғыл мәлімдемелер жасап жатыр.

Ресей мен Иран қатаң айыптады

Ресми Мәскеу АҚШ-тың әрекетін халықаралық құқықты өрескел бұзу деп атады. Ресей Сыртқы істер министрлігі Вашингтоннан Мадуроның қайда екені туралы дереу түсініктеме беруді талап етті. Ресей Федерация кеңесінің вице-спикері Константин Косачев: «Бұл – егемен елге жасалған қарулы агрессия», – деп мәлімдеді. Тегеран да осы ұстанымды қолдап, АҚШ-тың әрекетін «мемлекеттік егемендікті аяққа таптау» деп бағалады.

Латын Америкасы дүрбелеңде

Венесуэланың көршілері де үнсіз қалмады. Колумбия президенті Густаво Петро БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді сұрады. Ол шекараға әскер жібергенін және босқындар легіне дайын екенін жеткізді. Куба басшысы Мигель Диас-Канель Вашингтонның әрекетін «мемлекеттік терроризм» деп атап, халықаралық қауымдастықты шұғыл шара қолдануға шақырды.

Ал Аргентина президенті Хавьер Милей мүлдем басқа пікір білдірді. Ол әлеуметтік желіде: «Бостандық алға басуда! Жасасын еркіндік!» – деп, Трамптың операциясын қолдайтынын ашық білдірді.

Еуропа және Қытай

Еуропалық Одақтың бас дипломаты Кая Каллас барлық тарапты сабырлыққа шақырды. Ол Мадуроның легитимділігіне күмән келтірсе де, халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысы сақталуы тиіс екенін ескертті. Қытай әзірге ресми түрде қысқа қайырды. Бейжің бұған дейін де АҚШ-тың санкциялары мен қысымын «ковбойлық әрекет» деп сынаған болатын, қазір де олар агрессияны айыптайтын позицияда қалып отыр.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Путин мен Ким Чен Ын кездесуінен кейін Солтүстік Корея шекарасында жүк вагондары күрт көбейген

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *