Әлеумет

Үкімет жекеменшік білім ордаларының «арам ойынын» әшкереледі

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен емханаларды қаржыландыру жүйесін түбегейлі өзгертуді тапсырды. Үкімет басшысы бюджет қаржысын жымқырудың «көлеңкелі схемаларын» сынға алып, қымбат оқу орындарына мемлекеттен көк тиын бөлінбеуі керек екенін кесіп айтты, деп хабарлайды «Тілші» Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеп.

Жиында Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіндегі олқылықтарды жою міндеттелді. Мемлекет жекеменшік секторды тек орын тапшылығын жою үшін қолдайды, алайда кәсіпкерлер бұл мүмкіндікті теріс пайдаланып келген.

«Өлі жандар» және жасанды көші-қон

Қаржы министрі Мәди Такиев тексерістің жаға ұстатарлық нәтижелерін жариялады. e-Qazyna.kz порталы арқылы жүргізілген талдау жекеменшік мектептердің қулығын ашты. Кейбір мекемелер субсидияны көп алу үшін оқушылар мен мұғалімдердің санын қолдан көбейткен. Аудит барысында 1 333 оқушының бір мектептен екіншісіне 5-тен 12 ретке дейін «көшкені» анықталды. Сондай-ақ 64 мектепте оқушы саны рұқсат етілген нормадан екі есе асып кеткен. Бұл білім сапасын төмендетіп қана қоймай, бюджет қаржысының желге ұшуына әкелді.

Миллиардтаған салық

Үкімет басшысы қымбат мектептер мәселесіне арнайы тоқталды. Олжас Бектенов ата-аналардан қомақты ақы алатын «элиталық» мектептердің шығынды өздері жабуы керектігін қадап айтты. Енді мемлекеттік бюджет есебінен бай-қуатты мектептерді қаржыландыру тоқтайды. Сонымен қатар, салықтан жалтарғандар да анықталды. 2024 жылы 167 жеке мектеп кірістерін жасырып қалған. Арнайы хаттан кейін ғана олар мемлекет қазынасына 1,2 миллиард теңге салық төледі. Қазіргі таңда күдікке ілінген 46 мектепте қайта тексеру жүріп жатыр.

Медицина да тексеріледі

Тексеріс толқыны денсаулық сақтау саласына да жетті. Үкіметтік жұмыс тобы халықтың шағымын ескере отырып, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» активтеріне талдау жүргізеді. Жеке клиникалардың қызмет көрсету сапасы мен қаржылық ашықтығы жіті бақылауға алынады. Министрліктер бір апта ішінде нақты шешімдер ұсынуы тиіс. Бұл жұмысты Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева тікелей қадағалайды.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Жоғарғы сот: мектептерде орамал тағуға салынған тыйым жойылған жоқ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *