Home Әлем Венесуэла АҚШ-қа 2 миллиард доллардың шикізатын береді
Әлем Саясат

Венесуэла АҚШ-қа 2 миллиард доллардың шикізатын береді

Фото: depositphotos.com

Венесуэладағы саяси дағдарыс Вашингтонмен экономикалық ынтымақтастыққа ұласты. Оңтүстік Америка елінің уақытша үкіметі Америка Құрама Штаттарына аса ірі көлемде мұнай беруге келісті. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде мәлімдеді, деп хабарлайды «Тілші».

Ақ үй басшысы жасалған келісімге дән риза. Оның айтуынша, бұл келісім екі ел қарым-қатынасының жаңа парағын ашады және ұзақ уақыт тыйым салынған ресурстарды игеруге мүмкіндік береді.

Миллиондаған баррель «қара алтын»

Келісім бойынша АҚШ-қа 30-дан 50 миллион баррельге дейін жоғары сапалы мұнай жөнелтіледі. Бұған дейін бұл шикізат қатаң санкция құрсауында болып, Каракас оны сыртқы нарыққа шығара алмаған еді. Енді жағдай түбегейлі өзгерді. Америкалық тарап алынған мұнайды нарықтық бағамен сатуды жоспарлап отыр. Дональд Трамп түскен қаражаттың өзінің жеке бақылауында болатынын қадап айтты. Ол бұл ақшаны «Венесуэла және Америка Құрама Штаттары халықтарының мүддесі үшін» жұмсайтынына сендірді.

Қытайдың мүддесіне соққы

Президент бұл ауқымды операцияны жүзеге асыруды АҚШ энергетика министрі Кристофер Райтқа тапсырды. Іс-қимыл жоспары өршіл: америкалықтар мұнайды ашық теңіздегі танкерлерден тікелей қабылдап алып, АҚШ порттарына жеткізеді.

Сарапшылар бұл келісім жаһандық энергетика нарығындағы күштер тепе-теңдігін өзгертеді деп санайды. Іс жүзінде Вашингтон бұған дейін Қытайға арналған мұнай ағынын өз жағына бұрып әкетті. Соңғы жылдары Венесуэла экономикасын құтқарып, негізгі сатып алушы Бейжің болған еді. Енді билік ауысып, АҚШ қысымы күшейген тұста мұнай өзендері Солтүстікке қарай аға бастады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version