Aqtobe Day Isker Tilshi

Ақтөбеліктер енді жедел жәрдемнің қайда келе жатқанын Yandex Go қосымшасынан бақылай алады

Фото: компания баспасөз қызметі

Ақтөбе тұрғындары енді дәрігерлерді күтіп, терезеден телміруді қояды. Қала халқы жедел жәрдем көлігінің қозғалысын тікелей Yandex Go қосымшасы арқылы бақылау мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Isker Tilshi Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Бұрын мұндай қызмет тек арнайы сілтеме арқылы браузерде ғана қолжетімді еді. Енді Yandex Qazaqstan компаниясы Ақтөбе әкімдігімен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, сервисті әлдеқайда ыңғайлы етті.

Диспетчер жедел жәрдем шақыртуын қабылдаған сәтте, жүйе автоматты түрде пайдаланушының Yandex Go қосымшасына push-хабарлама жібереді. Тұрғындар сол хабарламаны басу арқылы медицина мамандарының қай көшемен келе жатқанын және үйге жетуіне қанша уақыт қалғанын нақты көре алады. Бұл «Жедел жәрдем қайда қалды?» деген уайымды сейілтуге көмектеседі.

Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов жаңа функцияның тағы бір пайдалы тұсын атап өтті. Оның айтуынша, сіз жедел жәрдемнің қозғалыс бағытын уайымдап отырған жақындарыңызға тікелей қосымшадан жібере аласыз. Егер телефонда Yandex Go орнатылмаған болса да, жүйе сізді хабарсыз қалдырмайды. Өтініш берушіге картаға сілтемесі бар SMS-хабарлама келеді. Сол сілтеме арқылы браузерден көліктің келе жатқанын онлайн режимінде бақылауға болады.

Бұл жоба әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Алғашқы кезеңде ақтөбеліктер тек белгілі бір санаттағы шақыртуларды ғана картадан көре алады. Алайда ұйымдастырушылар жобаны тоқтатпайды. Болашақта олар қала бойынша түскен барлық шақыртуды осы жүйеге қосып, қызметті толықтай цифрландыруды жоспарлап отыр.

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Хромтауда заманауи мәдени-демалыс орталығы ашылды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *