Әлеумет

«Баланың дертін саудаға салған»: Халықтан миллиардтап ақша жинаған ерлі-зайыпты сотталды

Фото: shutterstock.com

Астанада науқас баласының атын жамылып, халықтан жиналған қыруар қаржыны бас пайдасына жаратқан ерлі-зайыптыға қатысты сот процесі аяқталды. Сот Дәулет және Толқын Тотақановтарды алаяқтық жасады және қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырды деп тапты, деп хабарлайды «Тілші» ҚазТАГ сайтына сілтеп.

Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты шығарған үкімге сәйкес, ерлі-зайыптылар кінәлі деп танылды.

Темір тор және тәркілеу

Сот үкімімен екеуі де 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді. Бұған қоса, сотталғандардың қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлкі тәркіленіп, алдағы 10 жыл бойы қайырымдылықпен айналысуға және елден жылу жинауға қатаң тыйым салынды. Алайда, сот ізгілік танытып, қолында кәмелетке толмаған баласы бар Толқын Тотақанованың жазасын өтеу мерзімін екі жылға кейінге шегерді. Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Миллиардтар қайдан келді?

Тергеу барысында анықталғандай, 2020 мен 2024 жылдар аралығында ерлі-зайыптылар әлеуметтік желіде қызу науқан жүргізген. Олар 2019 жылы туған ұлының ауыр дертін алға тартып, таргетингтік жарнама арқылы елден жылу сұраған. Қайырымды жандардың сеніміне кірген олардың есепшотына жалпы сомасы 2,2 миллиард теңге түскен. Оның 1,4 миллиарды – халықтың «бала жазылып кетсін» деп берген таза садақасы.

Емге емес, «Lexus» пен пәтерге кеткен

Ең сорақысы, жиналған қыруар қаржының небәрі 6,4 миллион теңгесі ғана баланың еміне жұмсалған. Қалған ақшаны ата-анасы шалқып өмір сүруге шашқан. Сотта белгілі болғандай, олар елордадан 47 миллион теңгеге екі пәтер және 8 миллионға жер телімдерін сатып алған. Әсіресе, қымбат көлікке әуес болған. Олардың гаражында 28 миллион тұратын Lexus RX 300, құны 15 миллиондық Toyota Camry 75, 8 миллиондық Hyundai Santa Fe және бағасы көрсетілмеген Toyota Land Cruiser Prado пайда болған.

Құмар ойын мен қарыз жабу

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Маңғыстаудағы жұмыссыздық: жастардың үнсіз айқайы

Елдің ақшасы тек мүлікке емес, құмар ойындар мен бренд киімдерге де кеткен. Олар бұл мақсатқа шамамен 10 миллион теңге жұмсаған. Сондай-ақ, бастарындағы 350 миллион теңгеге жуық ескі қарыздарын осы ақшамен жапқан. Тіпті, халықтан көбірек ақша жинау үшін Facebook желісіндегі жарнаманың өзіне миллиондаған қаржы құйған. Оған қоса, депозитте жатқан халықтың ақшасынан түскен пайыздарды да қалтаға басып отырған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *