Бас көлік прокуратурасы «Air Astana» мен оның еншілес компаниясы «FlyArystan»-ға қатысты шұғыл тексерісті бастамақ. Бұған әлеуметтік желіде тараған басшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екендігі туралы ақпарат себеп болды, деп хабарлайды «Тілші» ҚазТАГ сайтына сілтеп.
Желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, авиакомпания басшылығы өз туыстары мен тамыр-таныстарына билеттерді заңсыз жолмен, яғни ең төменгі тарифпен рәсімдеп келген деген күдікке ілінді.
Жанжалдың ортасында FlyArystan-ның бұрынғы топ-менеджері Ренат Әбілхановтың ісі тұр. Жарияланған деректер компанияда «тамыр-таныстық» жүйесінің қалыптасқанын көрсетеді. Атап айтқанда, компания президенті Питер Фостердің зайыбы Татьяна Фостерге, оның анасы мен әпкесіне жеңілдікпен билеттер рәсімделгені айтылады. WhatsApp желісіндегі хат-хабарлар мұның бір реттік емес, жүйелі түрде жүргізілгенін айғақтайды. Қызметкерлер «министрлерге», олардың жанындағыларға және үкіметтік делегацияға еріп жүретін журналистерге арнайы орын ашып беруді өтінген. Хаттарда кімге жеңілдік жасауға «болатыны», кімге «болмайтыны» ашық талқыланған.
Қазір тергеуге іліккен Ренат Әбілханов өзін «құрбандыққа шалындым» деп есептейді. Оның айтуынша, басшылық «Air Astana» IPO-ға шығар алдында кіріс көрсеткіштерін қолдан өсіріп жазуды талап еткен. Инвесторларды алдағысы келмеген менеджер жалған мәлімет ұсынудан бас тартқан. Осыдан кейін оны WhatsApp арқылы бұйрық жіберіп, түсініктемесіз жұмыстан шеттеткен және әріптестеріне онымен сөйлесуге тыйым салған.
Аудиторлық есепте мыңдаған күмәнді операция жасалғаны көрсетілсе де, қылмыстық жауапкершілікке іс жүзінде тек Әбілханов тартылып отыр. Тергеушілер мыңдаған жағдайды «белгісіз тұлғалар» жасады десе, жалғыз эпизодты Әбілхановтың мойнына ілген. Енді «Эйр Астана» оның және туыстарының мүлкін, тіпті ипотекаға алынған пәтерлерін тәркілеуді талап етуде. Әзірге авиакомпания тергеу жүріп жатқанын алға тартып, ресми түсініктеме беруден бас тартты.

