Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға шұғыл ескерту жасады. Соңғы кезде интернетте «инвестиция құйып, байып кетіңіз» дейтін алаяқтар қаптап кетті. Олар адамдарды сендіру үшін ең соңғы технологияларды қолдана бастады, деп хабарлайды «Тілші».
Полицейлердің мәліметінше, қаскүнемдер жаңа әдіске көшкен. Олар енді жай ғана жарнама бермейді, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланады.
Дипфейк және жалған уәде
Алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде дипфейк технологиясын қолданып, танымал тұлғалардың бейнесін жасайды. Олар атақты адамдардың аузымен «кепілді табыс» табасыз деп уәде беріп, халықты жалған инвестициялық қорларға шақырады. Жалған брокерлер азаматтармен байланысқа шыққан соң, оларға белгісіз мобильді қосымшаларды орнатуды немесе күмәнді сілтемелерге өтуді ұсынады. Адамдар «инвестиция», «шотты белсендіру» немесе «табысты көбейту» деген сөзге сеніп, ақшаны бөгде тұлғалардың есепшотына аударып жібереді.
Қаржы аударылған сәттен бастап алаяқтар байланысты үзеді. Уәде етілген табыс түспейді, ал салған ақша желге ұшады. Кейде қылмыскерлер құрбандарын одан әрі тақырға отырғызу үшін «салық», «комиссия» немесе «сақтандыру» төлеу керек деп тағы да ақша сұрайды.
Қалай сақтану керек?
Киберқылмысқа қарсы күрес департаменті азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. Тәртіп сақшылары «жүз пайыздық табыс» деген уәдеге сенбеуге кеңес береді. Белгісіз адамдарға ақша аудармаңыз және тексерілмеген дереккөздерден қосымшаларды жүктемеңіз. Кез келген компания туралы ақпаратты тек ресми мемлекеттік тізілімдерден тексерген жөн. Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу «102» нөміріне хабарласыңыз. Ішкі істер министрлігі интернеттегі қаржылық операциялар кезінде қырағылық танытуды сұрайды.
