Ақтөбе облысының екі ірі аудан орталығында саяси науқан аяқталды. 11 қаңтар күні Хромтау мен Қандыағаш қалаларының тұрғындары өз басшыларын тікелей дауыс беру арқылы анықтады. Алайда халықтың сайлауға қатысу белсенділігі өте төмен болды, деп хабарлайды «Тілші».
Сайлаушылардың басым бөлігі дауыс беру учаскелеріне келмеген. Дегенмен, азшылықтың таңдауымен екі қала да жаңа басшыға ие болды.
Хромтау тізгінін орынбасар ұстады
Кеншілер қаласының әкімі болып Кеншілік Битанов сайланды. 35 жастағы жаңа басшы бұған дейін қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Сайлауға қатысуға құқылы 18 мыңнан астам тұрғынның тек 6 542-сі ғана таңдау жасады. Битанов 4 561 дауыс жинап, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Оның бәсекелестері – аудандық сәулет бөлімінің басшысы Есет Мұхаметқали мен экономика бөлімінің жетекшісі Кенжетай Тілеубаев аз дауыс қана жинады. Комиссия мүшелері 34 бюллетеньді жарамсыз деп таныса, 12 сайлаушы кандидаттардың «бәріне қарсы» дауыс берді.
Айта кетейік, Хромтау халқы әкімді осымен екінші рет сайлап отыр. 2023 жылы жеңіске жеткен алдыңғы әкім Сағындық Шабықбаев 2025 жылдың желтоқсанында пара алғаны үшін сотталып, қызметімен қош айтысқан еді.
Қандыағаштағы енжарлық
Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағашта жағдай тіпті қызық. Мұнда тізімдегі 21 мыңнан астам сайлаушының небәрі 4 мыңға жуығы ғана дауыс беруге келді. Нәтижесінде «AMANAT» партиясының кеңесшісі Данияр Шерниязов жеңіске жетті. Оған 2 092 тұрғын сенім білдірді. Қала әкімінің қазіргі орынбасары Қанат Мусин мен кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрсұлтан Тайтақов жеңіліс тапты.
Бұл қаладағы сайлау да алдыңғы басшының сотталуына байланысты өтті. Еске сала кетейік, Қандыағаштың экс-әкімі Қазбек Аққайыр өткен жылдың күзінде «ұрып-соғу» бабы бойынша сот үкімін арқалаған болатын.
