Қазақстандықтар енді зейнетақы жинағының артық бөлігін емделуге пайдалана алмайды. «Отбасы банк» 12 қаңтардың кешінен бастап медициналық қызметтер ақысын төлеуге өтініш қабылдауды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды «Тілші».
Банк өкілдерінің хабарлауынша, қаржы ұйымы Денсаулық сақтау министрлігімен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ережелерді қайта қарастырады.
Банк бұл қатаң қадамға желтоқсан айындағы күдікті белсенділіктен кейін барды. 2025 жылдың соңғы айында кенеттен 7 мыңнан астам адам «радиохирургия» (қатерлі ісікті емдеу) қызметін алу үшін өтініш берген. Салыстыру үшін айтсақ, бұған дейінгі барлық жылдары мұндай диагнозбен түскен өтініштердің жалпы саны небәрі 500-ге әрең жететін. Бір айдың ішінде мыңдаған адамның «онкологиялық ауруға» шалдығуы мамандардың күдігін тудырды және қаржыны мақсатсыз пайдалану қаупін көрсетті.
Қазіргі уақытта жауапты органдар алаяқтықтың алдын алу үшін ақпараттық жүйелерді интеграциялау тетіктерін әзірлеп жатыр. Банк мамандары талаптарды толық түзетіп, бақылауды күшейткен соң ғана бағдарламаны қайта іске қосатынын хабарлайды.
Еске сала кетейік, бұл зейнетақы қаржысына қатысты бірінші шектеу емес. Бұған дейін «Отбасы банк» жаппай жалған анықтама жасау деректері көбейгендіктен, стоматологиялық қызметтер мен пластикалық отаға ақша аударуды шектеген болатын. Енді кезек күрделі медициналық процедураларға келіп жетті.
