Barbie қуыршақтарын өндіретін Mattel компаниясы аутизм спектрінің бұзылысы бар (АСБ) қуыршақтар шығара бастады, деп хабарлайды Isker Tilshi ABC News-ке сілтеме жасап.
Жаңа қуыршақ Autistic Self Advocacy Network (ASAN) ұйымымен бірлесіп әзірленген. ASAN аутизмі бар адамдардың құқықтарын қорғаумен айналысады. Жаңа Barbie адамдардың кейбір ерекшеліктерін көрсетуге арналған және осы бағыттағы жұмыс 18 айға созылған.
Компанияның хабарламасында жаңа қуыршақтың көзі сәл көлденең бағытта қарағаны айтылған. Бұл кейбір аутизмі бар адамдардың тікелей көз байланысын болдырмауы мүмкін екенін бейнелейді. Қуыршақпен бірге келетін аксессуарларға сенсорлық стресс үшін арналған қызғылт спиннер, дыбыс азайтатын қызғылт наушник, сондай-ақ көмекші және балама коммуникацияға арналған планшет кіреді.
Еске салсақ, бұған дейін Mattel Даун синдромы бар Barbie, көрмейтін қуыршақ, витилигосы бар қуыршақ, есту аппараты бар Barbie және диабетпен өмір сүретін қуыршақтар шығарған. Бұл ойыншықтар инклюзивті Barbie Fashionistas желісін толықтырады.
