Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев «AMANAT» партиясының атынан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне шұғыл сауал жолдап, барлық кинотеатрларды тексеруді талап етті. Халық қалаулысының айтуынша, қазіргі жүйе әділетсіз әрі отандық өнерге кедергі келтіреді, деп хабарлайды Isker Tilshi newtimes.kz сайтына сілтеп.
Депутат нарықтағы ірі ойыншылардың өз үстемдігін асыра пайдаланып отырғанын ашық айтты. Оның сөзінше, кинотеатрлар фильм прокатқа шыққан сәттен бастап түскен табыстың тең жартысын иемденіп алады.
«Режиссерлер қорқып, үнсіз отыр»
Елнұр Бейсенбаев мәселенің мән-жайын түсіндіріп, киногерлердің шарасыз күйін жеткізді.
«Назарларыңызды аударамын: бұл пайданың пайызы емес, түсімнің, яғни жалпы кассаның ақшасы. Режиссерлер мен продюсерлер кинотеатрлар тарапынан қысым жасалады деп қорқып, үнсіз қалуға мәжбүр. Өйткені олар монополистер – кинозал иелері қолдан жасаған осы жағдайға тәуелді. Оның үстіне, фильм авторлары жарнама мен жылжыту үшін бөлек жарна төлеуге міндетті. Біздегі ақпарат бойынша, тіпті «көлеңкелі жарналар» да бар», – деді депутат.
Миллиардтың жартысы қалтаға кетеді
Халық қалаулысы нақты мысал ретінде мемлекеттік бюджет есебінен түсірілген «QAITADAN» фильмін келтірді. Оның айтуынша, жекеменшік желілер мемлекет салған инвестициядан бірнеше есе көп пайда табады.
«Бұл фильм прокатта 1 миллиард теңгеден астам қаржы жинады, оның 550 миллионын кинотеатрлар алып қойды. Ал мемлекет өндіріске небәрі 190 миллион теңге бөлген болатын. Жекеменшік желілер мемлекеттік инвестициядан бірнеше есе көп соманы бюджетке қайтармай тұрып иемденіп алады. Бұл жағдай, біздің ойымызша, жол беруге болмайтын жайт. Экран мен орындық ұсына отырып, кинотеатрлар фильм жасаушылардан әлдеқайда көп табыс табады. Фильм өзін-өзі ақтауы үшін бюджетінен үш есе көп касса жинауы керек. Мұндай жағдай қазақстандық кинобизнесті тұншықтырып жатыр», – деп мәлімдеді Бейсенбаев.
Америкалық әдісті енгізу керек
Депутат нарықты Kinopark, Kinoplexx, Chaplin және Cinemax сияқты алпауыттар бақылап отырғанын атап өтті. Ол АҚШ-тағыдай «сырғымалы шкала» жүйесін енгізуді ұсынды.
«AMANAT партиясының фракциясы кинокомпания өндіріс шығындарын қайтармайынша, кинотеатрлар түсімнен үлес алуға үміткер болмауы керек деп санайды. Пайданы бөлу жоба өзін-өзі ақтағаннан кейін ғана әділ болып саналады. Мұнда шетелдік тәжірибеге назар аударған жөн. Мысалы, АҚШ-та «сырғымалы шкала» қолданылады, яғни прокаттың алғашқы апталарында студия түсімнің 70-90%-ын алады. Осыған байланысты келісімшарттарды тексеріп, кино желілеріне кешенді тексеру ұйымдастыруды сұраймыз», – деп түйіндеді сөзін депутат.
