Саясат

АҚШ қазақстандықтарға көшіп келу визасын беруді тоқтатты

Фото: ru.freepik.com

АҚШ билігі иммиграциялық саясатты күрт өзгертті. Америка Құрама Штаттары 75 елдің, оның ішінде Қазақстанның азаматтарына иммиграциялық визаларды рәсімдеуді уақытша тоқтатты. Бұл шешімді Дональд Трамп әкімшілігі мигранттарға қойылатын талаптарды қатаңдату аясында қабылдады, деп хабарлайды «Тілші» Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік хатшы Марко Рубио басқаратын ведомство консулдық қызметкерлеріне арнайы нұсқау жіберді. Оған сәйкес, америкалық қоғамға «масыл болуы мүмкін» деген қауіп бар елдердің өкілдерінен өтініш қабылдау тоқтатылады.

«Мемлекет есебінен күн көрмесін»

Ақ үй бұл қадамды америкалық халықтың мүддесін қорғау деп түсіндіреді. Трамп әкімшілігі иммиграциялық жүйені теріс пайдаланатындардың жолын кесуді көздейді. Олардың пайымдауынша, аталған 75 елден келген азаматтар АҚШ-қа қоныс аударған соң, мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік көмекке жүгінуі мүмкін. Сондықтан Мемлекеттік департамент шетелдіктердің елге кіру процедураларын қайта қарап біткенше, виза беру процесін тоқтата тұрады. Жаңа ереже 21 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Туристер мен кәсіпкерлерге қатысы жоқ

Маңызды тұсы сол, бұл шектеу тек «иммиграциялық» визаларға (Green Card, көшіп бару) қатысты. Ал туристік және іскерлік мақсаттағы (иммиграциялық емес) визаларға өтініш қабылдау жалғаса береді. Алайда, сарапшылар алдағы уақытта АҚШ-та өтетін Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына байланысты туристік визаға сұраныс артатынын болжайды. Дегенмен, елшіліктер енді туристерді де қатаң тексереді. Консулдар шетелдіктің болашақта АҚШ бюджетіне салмақ салмайтынына толық көз жеткізуі тиіс.

Ағылшын тілі мен әмияныңыз тексеріледі

Вашингтон виза алушыларға қойылатын талаптар тізімін едәуір кеңейтті. Енді консулдар үміткердің жасын, денсаулығын, отбасылық жағдайын, білімін және кәсіби дағдыларын бұрынғыдан да мұқият зерттейді. Ең басты жаңалық – ағылшын тілін білу міндетті талапқа айналуы мүмкін және сұхбат ағылшын тілінде өтеді. Сондай-ақ, азаматтың бұрын өз елінде әлеуметтік көмек алған-алмағаны және қаржылық әлеуеті тексеріледі.

Көршілер де «қара тізімде»

КӨЗ САЛА ОТЫРЫҢЫЗ:  Дональд Трамп АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жетті

АҚШ есігін жапқан елдердің тізімі өте ұзын. Қазақстанмен қатар бұл тізімге көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясы да енді. Сондай-ақ Грузия, Әзербайжан, Армения және Беларусь азаматтары да уақытша иммиграциялық виза ала алмайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *