Home Әлеумет Астанада МӘМС ақшасын жымқырған клиника басшысы ұсталды
Әлеумет

Астанада МӘМС ақшасын жымқырған клиника басшысы ұсталды

Фото: freepik.com

Астанада медицина саласындағы ірі жымқыру фактісі әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігі екі бірдей жекеменшік клиниканың басшысын тұтқындады. Күдікті Медициналық сақтандыру қорының қыруар қаражатын ұрлап, шетелден қымбат мүлік сатып алған, деп хабарлайды «Тілші».

Бұл істі Агенттіктің Астана қалалық департаменті прокуратураның үйлестіруімен тергеп жатыр.

Клиникалар мен Қор 2022 жылы жалпы құны 2,4 миллиард теңге болатын медициналық қызмет көрсету туралы келісімшартқа қол қойды. Бұл құжатқа жылжымалы медициналық пойыз қызметі де кірді. Алайда басшылық жоба басталған сәтте алаяқтық схеманы іске қосты. Қызметкерлер ақпараттық жүйеге ем қабылдамаған, дені сау адамдар туралы жалған мәлімет енгізді. Күн сайын жүйеге 90-нан 150-ге дейін «жалған пациент» тіркелді. Клиника өкілдері оларға өтірік диагноз қойып, көрсетілмеген қызмет түрлерін жазып отырды. Осылайша, медициналық мекеме Қордан іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер үшін заңсыз түрде 682 миллион теңге алды.

Тергеушілер ұрланған қаражаттың ізін тапты. 2024 жылдың қаңтарында қылмыстық жолмен келген табыстың қомақты бөлігі — 364 миллион теңге — клиника басшысы мен оның жұбайының жеке есепшоттарына аударылған.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Сот оның мүлкіне тыйым салды. Бұғатталған мүліктің арасында Испаниядағы қала сыртындағы зәулім үй, Астанадағы пәтер және қымбат автокөлік бар. Агенттік сотқа дейінгі тергеу амалдарын жалғастыруда, ал басқа деректер тергеу құпиялылығына байланысты жарияланбайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version