2022 жылғы президент сайлауына қатысқан экономист Мейрам Қажыкен бастаған топ әділет органдарының табалдырығын тоздырса да, ресми тіркеуден өте алмай жүр. Амалы таусылған белсенділер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жолдады, деп хабарлайды «Тілші» Азаттық радиосына сілтеп.
Қажыкен үндеуді 13 қаңтар күні Facebook-тегі парақшасында жариялады. Президентке бағытталған үндеуде мәтін авторлары «партиялардың нақты бәсекелестігінсіз демократиялық жүйені дамыту мүмкін емес, ал кез келген реформалар декларативті сипатта қалып қою қаупіне ие» дейді.
Олар «конституциялық құқығына қол жеткізе алмайтын жағдайға тап болғанын» айтады.
«Біздің «YNTYMAQ» бастамашыл тобы екі рет «YNTYMAQ» республикалық саяси партиясын тіркеуге құжат тапсырды. Екі жағдайда да заңды түрде құрылтай съездері өткізілді, барлық ресми рәсімдер сақталды, қажетті құжаттар дайындалды. Соған қарамастан, оңай түзетуге болатын ескертпелер бойынша бас тартулар алдық. Осыдан кейін біз қоғамдық өмірге қатысудың баламалы формасы ретінде «ULT YNTYMAGY» республикалық қоғамдық бірлестігін құруға шешім қабылдадық. Алайда бұл бастамамызға жиырма екі рет бас тарту берілді, әр жолы жаңа, мәнсіз формалды себептермен. Тіркеу рәсімі құқықтық бақылау тетігіне емес, еңсерілмейтін әкімшілік кедергіге айналды» дейді үндеу авторлары.
YNTYMAQ мүшелері өз үндеуінде Қазақстанның саяси өміріне баға берген халықаралық түрлі ұйымның мәлімдемелерін мысалға келтіреді. Атап айтқанда, Freedom House ұйымының Қазақстанды «еркін емес ел» дегені, World Protests зерттеушілерінің әлемде саяси әрі әлеуметтік теңсіздіктерге байланысты қарсылық шерулері жиілегені туралы есебі де бар. Мәтін соңында YNTYMAQ мүшелері Тоқаевтан үндеуді дұрыс түсінуді және Қазақстанда партиялар мен бірлестіктерді тіркеу мәселесіне жете мән беруді сұрайды.
2022 жылы қарашада президент сайлауына қатысып, 2,5 пайыз ғана дауыс алған Мейрам Қажыкен сол жылы-ақ партия құратынын мәлімдеген. Бірақ тіркете алмады. Бұған наразылық ретінде YNTYMAQ мүшелері 2024 жылы желтоқсанда да президентке осыған ұқсас үндеу жолдаған.
Азаттыққа берген сұхбатында Мейрам Қажыкен YNTYMAQ бағдарламасы қазіргі билікке оппозиция емес дейді.
ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАУАБЫ
Азаттық YNTYMAQ партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мәлімдемесіне байланысты Әділет министрлігіне сауал жолдады. Сондай-ақ, қазір қанша партия тіркеу процесінде екенін, «Алға, Қазақстан», «Атажұрт» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтардың құжатын қабылдау мәселесінде қандай сәйкессіздік барын да сұрадық.
Редакцияға жолдаған хатында министрлік: «YNTYMAQ республикалық партиясын және YNTYMAQ қоғамдық бірлестігін тіркеу бөлігінде ұсынылған құжаттарды тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама нормаларының бұзылуы анықталды, осыған байланысты Әділет министрлігі мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы уәжді бұйрықтар қабылдады» деді. Яғни, Мейрам Қажыкеннің айтқанын қуаттаған болып, нақты ненің қате екенін ашып айтпады.
Ал «Алға, Қазақстан» және «Атажұрт» партияларын тіркеу туралы өтініште «Саяси партиялар туралы» заңның 8-бабының («Саяси партияға мүше болу») талаптары орындалмаған делінген.
«2026 жылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша партияларды құру туралы хабарламалар және саяси партияларды тіркеу туралы өтініштер түскен жоқ» дейді министрлік.

