Өңірде жүннен құрылыс материалдарын дайындайтын ірі өндіріс орны ашылды. Инвесторлар жобаға 5 миллиард теңгеден астам қаржы құйды, деп хабарлайды Isker Tilshi Qazaqstan телеарнасына сілтеп.
Бұл жаңалық әсіресе қой өсіретін шаруалар үшін тиімді болып тұр. Бұған дейін далада шіріп немесе өртеліп келген шикізат енді нақты ақшаға айналады.
Алға ауданының тұрғыны, шаруа қожалығының басшысы Жандос Ақыновтың айтуынша, жүн өткізу мәселесі жылдар бойы қордаланып келген.
— Қоқысқа апарып төгу, өртеу бізге уақыт әрі жұмыс күші болып есептеледі. Сондықтан осы жүнімізді арзан бағаға болса да қабылдағанын жақсы көріп тұрмыз. Өйткені қаншама қой ұстайтын шаруашылық бар. Жүн бізге экологиялық мәселе болып тұр. Ұшады, шөпке араласады, мал жейді, сондай проблемалар болып тұр, — дейді ол.
Кәсіпорын жылына шаруалардан 3 мың тоннадан астам жүн қабылдауға қауқарлы. Зауыт әкімшілігі шикізаттың сапасына қарай әр келісіне 50 теңгеден 150 теңгеге дейін ақы төлейді. Бұл ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзіне айналды. Зауыттың сұрыптаушысы Ерлан Жақыповтың сөзінше, қабылданған жүн арнайы цехта бес мәрте жуылып, тазартылады. Қазіргі таңда өндіріс орнында 20 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.
Зауыттың бас технологы Ерлан Әмірғалиев бұл кәсіпорынның технологиялық жағынан ТМД елдерінде теңдесі жоқ екенін атап өтті. Заманауи құрылғылар табиғи өнімнен жылу ұстағыш құрылыс материалдарын шығарады. Қазір шетелдік мамандар соңғы келген қондырғыларды іске қосып жатыр. Инвесторлар алдағы уақытта жұмысшылар санын елуге дейін жеткізуді және шикізатты тек Ақтөбеден ғана емес, көршілес облыстардан да тасуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын жылына 2 мың тонна дайын өнім шығарып, нарықты экологиялық таза тауармен қамтамасыз етеді.

