Home Әлем HRANA: Ирандағы наразылықтар кезінде 3,3 мыңнан астам адам қаза тапқан
Әлем Саясат

HRANA: Ирандағы наразылықтар кезінде 3,3 мыңнан астам адам қаза тапқан

Тегеран көшесінде өртенген автобустың қаңқасы. Иран, 15 қаңт ар, 2026 жыл.

Ирандағы жаппай наразылықтар салдарынан қаза тапқандар саны 3308 адамға жетті. Мұндай деректі АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency (HRANA) тәуелсіз құқық қорғау ұйымы хабарлады, деп жазады Азаттық. Оның мәліметінше, қаза тапқан 3097 адам – наразылыққа қатысушылар, 166 адам – әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдары өкілдері. Сонымен қатар, наразылықтарға қатысы жоқ 23 ересек адам мен 18 жасқа толмаған 22 жасөспірім қаза тапқаны расталды. Ауыр жараланғандар саны 2100 адамнан асқан. Бұдан бөлек, HRANA мәліметінше, наразылықтар барысында 24 мыңнан астам адам ұсталған.

Норвегияда орналасқан Iran Human Rights құқық қорғау ұйымы наразылыққа қатысқан кемінде 3428 адам қаза тапқан дейді.

Түрлі құқық қорғаушы топтар қаза тапқандар одан да көп деген дерек келтіреді. Құқық қорғаушы ұйымдар құрбан болғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, алайда елде интернет байланысы толық өшірілгендіктен ондай деректерді растау өте қиын дейді.

Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи наразылықтар барысында мыңдаған адам қаза тапқанын мойындаған.

Азаттықтың Парсы қызметі (Radio Farda) Ираннан шығып үлгерген куәгерлердің айтқанына сүйеніп, қауіпсіздік күштері күдіктілерді адамға лық толған ауруханалардан әкеткен деп хабарлады. Сондай-ақ редакция Тегеранда наразылық білдірушілер жасырынған үйлерді қарулы адамдар – арнаулы киім кигені де, қарапайым адамша киінгені де бар – жаппай тінтуге кіріскені жөнінде ақпарат алған. Елде іс жүзінде әскери жағдай енгізілген: жолдарда көліктерді тоқтатып, жолаушылардың телефонын тексеріп, наразылықтарға қатысқанына айғақ-дәлелдер іздеп жатқаны айтылады.

Әлемдегі интернет байланысын бұғаттау жайттарын бақылайтын NetBlocks тобының хабарлауынша, Иранда Google секілді кейбір онлайн сервистер жұмысы біртіндеп қалпына келе бастаған. Netblocks мамандары трафик деректері Иранда интернет қайта қосылған кезде контентті қатаң сүзгілеу жүйесі енгізілгенін көрсетіп отыр дейді. Мұны желіде тарай бастаған ирандық қолданушылар жіберген хабарламалар да растайды.

Ирандағы наразылықтар былтыр 28 желтоқсанда басталып, елдің барлық аймағын қамтыды. Бұл оқиғалар 1979 жылғы Ислам революциясынан бері елдің клерикалдық басшылығына төнген ең ірі сын-қатерлердің бірі ретінде бағаланып отыр. Алғашында ұлттық валюта – риалдың күрт құнсызданып, инфляция шарықтап кеткеніне наразылық білдіріп, экономикалық талаптар қойған жұрт кейіннен билікке қарсы ұрандар мен монархияны қалпына келтіруге шақырған үндеулер айтқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version