Home Isker Tilshi Қазақстандық «Higgsfield» ЖИ стартапы 1,3 миллиард долларға бағаланды
Isker Tilshi

Қазақстандық «Higgsfield» ЖИ стартапы 1,3 миллиард долларға бағаланды

Higgsfield баспасөз қызметі

Жерлесіміз Ерзат Дулат негізін қалаған «Higgsfield» жасанды интеллект стартапы инвесторлардан 80 миллион доллар қаржы тартты. Нәтижесінде компанияның нарықтық құны 1,3 миллиард доллардан асып, ресми түрде «unicorn», яғни құны 1 млрд доллардан асатын компания деңгейіне жетті, деп хабарлайды Isker Tilshi Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл жоба бейне контент жасау саласында төңкеріс жасап жатыр. Жаңа қаржыландыру кезеңіне Accel, GFT Ventures және Menlo Ventures сияқты ірі венчурлық қорлар қатысты.

Higgsfield компаниясының табысы инвесторларды таңғалдырды. Компания өзінің жылдық кіріс көрсеткішін 200 миллион долларға жеткізгенін жариялады. GFT Ventures басқарушы серіктесі Джефф Хербсттің айтуынша, SMM мамандары тарапынан жасанды интеллектке деген сұраныс өте жоғары. Ол бұл нарықтың көлемі болашақта Голливуд индустриясынан да асып түсетінін болжайды. Инвесторлар компанияның нөлден бастап, санаулы апта ішінде 10 миллион долларлық тұрақты табысқа қол жеткізгенін көріп, бірден қаржы құюға шешім қабылдаған.

Сарапшылар Higgsfield-тің ұтымды стратегиясын атап өтті. Қазақстандық стартап нарықтағы OpenAI және Google сияқты алпауыттармен тікелей бәсекеге түспейді. Оның орнына команда дайын іргелі модельдерді өз платформасына біріктіріп, нақты салаларға, әсіресе маркетинг пен видеоға арналған дайын шешімдер ұсынады. Бұл тәсіл клиенттерге тез әрі сапалы нәтиже береді.

Компания тартылған 80 миллион долларды халықаралық нарықты кеңейтуге және ғылыми зерттеулерге жұмсайды. Сондай-ақ, басшылық жыл соңына дейін қызметкерлер санын 70-тен 300 маманға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, Higgsfield жобасын 29 жастағы қазақстандық инженер Ерзат Дулат пен оның серіктесі Алекс Машрабов құрған. Ерзат жасанды интеллект саласындағы білікті зерттеуші ретінде жобаның идеясын ойлап тауып, жүзеге асырды. Қазір платформа мәтін арқылы видео жасау мүмкіндігін ұсынып, креативті индустрияның жұмысын жеңілдетіп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version