Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи саяси мәлімдеме жасады. Президент елдің басқару жүйесін толықтыру үшін Конституцияға өзгеріс енгізіп, вице-президент институтын құру қажеттігін жариялады, деп хабарлайды «Тілші» Tengrinews.kz сайтына сілтеп.
Мемлекет басшысы бұл шешімнің аяқ астынан қабылданбағанын, оның бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы екенін атап өтті.
«Саяси құрылымды түйіндейді»
Қасым-Жомарт Тоқаев мінберде сөйлеген сөзінде халық даналығына жүгініп, жаңа лауазымды енгізудің уақыты келгенін ашық айтты.
«Халық тегін айтпаған – әр нәрсенің өз уақыты бар. Меніңше, сол уақыт келді. Бүгін Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында жаңа маңызды ұсыныс жасағым келеді. Мен ұсынып отырған жаңашылдық біз бірнеше жыл бойы жүйелі түрде құрған саяси құрылымды органикалық түрде түйіндейді. Әңгіме Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтын құру және оны Конституцияда бекіту туралы болып отыр. Вице-президентті Парламенттің келісімімен, қарапайым көпшілік дауыспен Президент тағайындайды. Оның өкілеттік ауқымын Мемлекет басшысының өзі айқындайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Билік иерархиясы және тұрақтылық
Жаңа лауазым иесі халықаралық форумдарда Қазақстанның мүддесін қорғап, Парламентте Президенттің өкілі болады. Президент бұл қадам мемлекеттік басқару жүйесін нығайта түсетініне сенім білдірді.
«Өздеріңізге белгілі, вице-президент лауазымы бірқатар елде бар. Біздің жағдайда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады, сондай-ақ билік иерархиясына қатысты түпкілікті айқындық енгізеді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттік билік әлсіремейді
Кейбір сарапшылардың күмәніне қарамастан, Тоқаев жаңа институттың енгізілуі Президенттің негізгі рөлін төмендетпейтінін қадап айтты.
«Керісінше, мемлекеттік жүйеде президент лауазымы басты орында қалады. Қазақстан президенттік республика ретінде табысты дамитынына сенімдімін. Өзін-өзі ақтаған бұл саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Оның үстіне халықаралық тәжірибе дәл осы таңдаудың дұрыстығын дәлелдеп отыр», – деп түйіндеді сөзін Президент.

