Қазақстандық ірі бизнесмен, «RG Brands» компаниялар тобының иесі Қайрат Мәжібаев активтерін басқару құрылымын өзгертті. Кәсіпкер Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында «RG Brands Limited» компаниясын ресми түрде тіркеді, деп хабарлайды Isker Tilshi Kapital.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа компания 2026 жылдың 19 қаңтарында Астанада заңды түрде куәландырылды. Ресми деректерге сәйкес, бұл құрылым холдингтік компаниялардың қызметімен айналысады.
Жаңадан құрылған «RG Brands Limited» компаниясының бас атқарушы директоры (CEO) болып Тимур Жанғожанов тағайындалды. Ол бұған дейін де «RG Brands» тобының қаржы директоры қызметін атқарып келген тәжірибелі маман. Енді ол халықаралық құқық аясында жұмыс істейтін жаңа холдингтің жұмысын жүргізеді.
«RG Brands» тобын қазақстандықтар күнделікті тұтынатын өнімдері арқылы жақсы таниды. Компания Piala шайы, A’SU суы, DaDa және Gracio шырындары, «Мое» сүті және Yeti энергетикалық сусындарын өндіреді. Өндіруші өз өнімдерінің шамамен 20 пайызын Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай және Тәжікстан нарықтарына экспорттайды.
Компания қазіргі таңда көршілес нарықтағы үлесін арттыруды көздеп отыр. Өткен жылдың желтоқсан айында Қайрат Мәжібаевтың өзбекстандық сусын өндіруші «Southhub» кәсіпорнын сатып алатыны белгілі болды. Бизнесмен бұл активті өзінің «RG Brands South» еншілес компаниясы арқылы иемденбек. Өзбекстанның бәсекелестікті дамыту комитеті бұл мәмілені мақұлдап, оның нарықтағы бәсекеге кері әсер етпейтінін растады.
Сатып алынатын «Southhub» компаниясының негізін «Master Global Plyus» қалаған. Кәсіпорын Ташкенттен 31 шақырым жердегі Янгийюль қаласында орналасқан. Олар негізінен шырындар, жеміс езбелері және томат пастасын өндірумен айналысады. Ал «RG Brands» компаниясының Қазақстанда Алматыдағы «Tealand» зауыты, Қостанайдағы «Космис» кәсіпорны және Алматы облысындағы «Ақсеңгір» өндірістік-логистикалық кешені бар.
