Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ертең, 22 қаңтарда Швейцарияның Давос қаласына жұмыс сапарымен аттанады. Ол АҚШ Президенті Дональд Трамптың жеке шақыртуымен «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына қол қою рәсіміне қатысады, деп хабарлайды «Тілші» Ақордаға сілтеме жасап.
Бұл сапар Қазақстанның жаһандық бітімгершілік процестеріндегі рөлін айқындай түспек. 19-23 қаңтар аралығында Давоста Дүниежүзілік экономикалық форум өтіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Газа бойынша құрылатын арнайы кеңеске кіруге әлем көшбасшылары арасында алғашқылардың бірі болып шақырту алды. Дональд Трамп Қазақстанға жаңа ұйымның құрылтайшы мемлекеті болуды ұсынды. Мемлекет басшысы америкалық әріптесіне жауап хат жолдап, бұл бастамаға ризашылығын білдірді және бірлестік жұмысына белсене қатысуға келісімін берді.
Ертең, 22 қаңтарда Трамп кеңес жарғысын ресми түрде жариялайды. Вашингтонның жоспары бойынша, бұл құрылым Газа секторын бейбіт дамыту, халықаралық ресурстарды жұмылдыру және тараптардың міндеттемелерін орындауын стратегиялық тұрғыдан қадағалайды. АҚШ Президенті бұл бірлестікті «тарихтағы ең ұлы әрі беделді кеңес» деп бағалады.
Ақ үйдің мәліметінше, ұйымның құрылтайшы атқарушы кеңесіне жеті адам кіреді. Олар – дипломатия, құрылыс, инфрақұрылым және экономикалық стратегия саласында мол тәжірибесі бар көшбасшылар. Кеңестің әрбір мүшесі аймақты тұрақтандыру үшін өте маңызды нақты бір бағытқа жауап береді. Сонымен қатар Газаның жаңа үкіметін бақылайтын 11 адамнан тұратын бөлек атқарушы кеңес те жасақталады.
