Ақтөбе қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің оқушылары халықаралық FIRST робототехника жарысында жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның рекордын жаңартты. Айтарлықтай жетістікке 11-сынып оқушыларынан құралған «Gambit» командасы қол жеткізді, деп хабарлайды «Тілші» Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Ақтауда өткен FIRST халықаралық жарысында ақтөбелік команда үздік көрсеткіштерге ие болып, келесі кезеңге жолдама алды. FIRST (For Inspiration and Recognition of Science and Technology) – балалар мен жасөспірімдер арасында ғылым мен технологияға қызығушылықты арттыруға бағытталған әлемдік жоба.
Жарыс барысында қатысушылар робот құрастырып, оны бағдарламалап, арнайы тапсырмаларды орындауға үйретеді. Сонымен қатар оқушылар командалық жұмыс, көшбасшылық, жауапкершілік пен коммуникация дағдыларын дамытады.
«Gambit» командасы робототехникамен өткен оқу жылында ғана айналыса бастаған. Алғашқы тәжірибенің аздығына қарамастан, команда FLL санаты бойынша Орталық Азия кезеңіне жолдама алған. Бұл кезеңде жоғары нәтиже көрсете алмағанымен, сәтсіздік жаңа серпін берген.
«Бұл бізге үлкен сабақ болды. Аға буын өз тәжірибесін кіші сынып оқушыларымен бөлісе бастады. Соның нәтижесінде «Gambit JR», «AqBIL Innovators» және «AqSonix» командалары құрылды. Ал негізгі «Gambit» командасы ең жоғары деңгей – FTC санатына өтті», – дейді лицей оқушысы Дәурен Оспанов.
Оқу жылы басталғалы бері төрт команда да белсенді дайындық жүргізген. Нәтижесінде «Gambit JR» Ақтөбедегі жарыста, «AqBIL Innovators» Бішкектегі сайыста, ал «Gambit» пен «AqSonix» Ақтауда өткен турнирде келесі кезеңге жолдама жеңіп алды.
«Бастапқыда робототехника біз үшін мүлде жаңа сала болды. Қателестік, жеңілдік, қайта тұрдық. Қазір біз тек робот құрастырып қана қоймай, бір-бірімізге сенуді үйрендік. Ендігі мақсат – Хьюстонда өтетін әлемдік кезеңге шығу», – дейді «Gambit» командасының мүшесі.
Айта кетейік, Орталық Азия кезеңінде FTC санаты бойынша шамамен 80, ал FLL санаты бойынша 180-ге жуық команда бақ сынайды. Қатысушылардың 30 пайызға жуығы – шетелдік командалар.
