Ақтөбеде «телефон терроризмі» тыйылмай тұр. Облыстық прокуратураның мәліметінше, тек 2025 жылдың өзінде қалада терроризм актісі туралы 20 көрінеу жалған хабарлама тіркелген. Құқық қорғау органдары осы барлық фактілер бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды «Тілші».
Прокурорлар әрбір жалған қоңыраудың артында үлкен жауапкершілік тұрғанын ескертеді.
«Қалжыңның» арты – қылмыс
Тіркелген 20 дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабымен (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Облыстық прокуратура бұл әрекеттің ауыр қылмыс екенін қадап айтты.
«Ақтөбе облысының прокуратурасы терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар ауыр қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын еске салады. Оны жасаған тұлғаның уәждері мен жасына қарамастан, бұл әрекет қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Сот тәжірибесін талдау көрсеткендей, аталған санаттағы істер бойынша айыпталушыларға көбінесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Түрмеге отырасыз және шығынды өтейсіз
Жедел қызметтер әрбір хабарламаға ден қойып, оқиға орнына шұғыл жетеді. Бұл мемлекетке орасан зор материалдық шығын келтіреді және мамандардың күнделікті жұмысын бұзады. Заң бойынша, «әзілкештер» сотталып қана қоймай, келтірілген шығынды толық өтеуге міндеттеледі.
Нақты мысал: Агейкиннің ісі
Прокурорлар Агейкин есімді азаматтың оқиғасын мысалға келтірді. Ол 2023 жылдың сәуірінде мас күйінде «102» нөміріне хабарласып, өзі тұратын үйге бомба қойылғанын айтқан. Алайда бұл ақпарат жалған болып шықты. Эмоция мен алкогольдің буына елітіп жасаған осы «абайсыз әзілі» үшін ол сот алдында жауап берді. Судья оның бұрын сотталмағанын, кішкентай баласы барын және шын өкінгенін ескеріп, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесті.

